Өлеңдер ✍️

  12.05.2022
  89


Автор: Сабырхан Асанов

Қалт -құлт етіп келе жатқан жандарды...

Қалт-құлт етіп келе жатқан жандарды,
көрем дағы,
келер күннен қорқам мен.
Асықпастан күтем сосын тандарды,
асықпастан қауышамын әр таңмен.
Балалық пен жастық қашан қалды артта,
тұра тұрса екен егде қалпымыз.
Төрді ұсынып,
отыратын ардақтап,
біз ертеңнің еңкіш тартқан қартымыз.
Тоқта, күндер,
мені ол күнге сүйреме,
көп толқимын қатар түскен із көрсем.
Қайтқым келмей қалар әлі үйге де,
бақ ішінен бал-бұл жанған қыз көрсем.
Өткінші өмір өкінішсіз өтсін де,
қымбат қазір бір жыл түгіл, бір айым.
көпсінбе сен,
күнімді бұл көпсінбе,
қалпымда осы біраз қала тұрайын.
Кең дүние қызғанса да гүлін көп,
асықтырма,
аздап сейіл құрайын,
жүзі жайнап,
екі көзі күлімдеп,
мүмкін аяп,
келер таяп бір айым.
Ай да болып албырауы шарт емес,
ұнатамын жұлдыз өскен ортаны.
Бақтан кетер менің шалым қарт емес,
десе болды таңғы аспанның Шолпаны...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу