Өлеңдер ✍️

  12.05.2022
  108


Автор: Сабырхан Асанов

Шынымен, мені ешкім сағынбай ма...

Шынымен, мені ешкім сағынбай ма,
құдай-ау, жұртқа ұнайтын шағым қайда?
Күлімдеп қыздар келген кездер менің
асырып жіберуші еді бағымды айға.
Бірімен жөнелуші ем қолтықтасып,
бұрылмай,
тауға қарай жол тік кашып.
Шың қасы,
құз аузына барған кезде,
аяғын қалатұғын қорқып басып.
Сол бір қыз қорқып жүріп гүл теретін.
Жұтумен жұпар ауа күн көретін.
Қалмастан,
қайда барсақ– сонда барып,
төбеден төніп аппақ бұлт еретін.
Қанша жыл өтті-кетті содан бері,
кетпеймін,
қасында мен болам деді.
Бақты ол бала түгіл, немерелер,
ақ түскен шашы ол күнде қолаң да еді.
Көңілден көрмесек те күй кетіріп,
іздедім жастық шағын биге кіріп...
Ол мені сағынатын көрінеді,
кәдімгі өзіміздің үйде отырып!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу