Өлеңдер ✍️

  12.05.2022
  124


Автор: Сабырхан Асанов

Жасыл жалған, жапырағы жайқалған...

Жасыл жалған,
жапырағы жайқалған.
Самал соқса,
тал-терегі шайқалған,
саған жетіп айта алман-ау, айта алман.
Көз алдымда– жасыл бояу, көк бояу,
жер мен көкте одан басқа жоқ бояу.
Қимай-қимай қалғып кеткен жандардың,
іштерінде қанша көктем кетті ояу.
Екеуміз де тәтті тірлік дірілі ек,
әзірше тірі жүрген, тірі көп.
Көктем сайын қызғалдақты қырларда,
кездесіп-ақ тұрсақ қайтер бір рет.
Жарқын-жарқын естілсе бір үн көктен,
көбелектер көбейсе бір гүлді өпкен.
Қыз жігіттей біздер бірге жүретін,
болса, болса сол бір көктем мың көктем...
Жасыл жалған,
жапырағы жайқалған,
самал соқса,
тал-терегі шайқалған.
Саған деген сағынышым бар менің,
тілім жетіп айта алман-ау, айта алман!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу