Өлеңдер ✍️

  12.05.2022
  128


Автор: Сабырхан Асанов

Қартайып барам көктемде жап -жас бола алмай...

Қартайып барам
көктемде жап-жас бола алмай,
ішінде сәттің
бір ысып-суып, тоңа алмай,
сайраған тынбай
құстармен бірге қуанып,
бүршіктер
жарған бұтақтарға да қона алмай.
Қартайып барам
сезімге шалқар кенелмей,
елп ете қалар
елгезек ем ғой мен елдей.
Көк жасыл барқыт
қырларға қарай беремін,
аржағынан
жас күнім шыға келердей.
Ойнасын бұлт,
себелеп жаңбыр,
күн күлсін,
шомылып нұрға,
жүгіртсін көңіл-бүлдіршін.
Мен қырдан іздеп
жүрген бір жас шақ қалада,
жұмыстан шаршап,
отыр ма екен, кім білсін.
Түсінбей қалдым,
барлығы жұмбақ өзіме...
Қиқарлау жауап
қататын сол шақ сөзіме,
қызыл да жасыл
кемпірқосаққа асылып,
не болса да осы
көрінсе екен көзіме




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу