Өлеңдер ✍️

  12.05.2022
  89


Автор: Сабырхан Асанов

Соғады ойлар...

Соғады ойлар,
соғады жолдар соққандай,
тынбайды бір сәт,
сабыры оның жоқ қандай.
Өтінде оның үрленген кеуде, жүрегім,
қалар ма жанбай,
қалар ма қызыл шоқтанбай.
Соғады ойлар,
үйіріліп, ұйтқып соғады,
екпіні қатты,
бәсеңси қойған жоқ әлі.
Сондықтан болар,
еңсем де төмен түскен жоқ,
сондықтан болар,
көңілім де менің жоғары.
Соғады ойлар,
аңсамас күнді аңсатып,
көзімнен жас шақ қапылыссыз қалса атып.
Іңгәлеп ұзақ жылаған сәби баладай,
жанымды менің,
тәнімді менің шаршатып.
Соғады ойлар,
бойдағы қанды тулатып,
соққаның сенің бір қуаныш, бір бақыт.
Құйғытып сонау космосқа тарап кетіңдер,
жұлдыздың сансыз жапырақтарын шулатып...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу