Өлеңдер ✍️

  12.05.2022
  120


Автор: Сабырхан Асанов

Ерлердің құпиясы

Сұрамай атын, жасын да,
Тоймадық рас, қоймадық,
жатып ап әйел қасында
қанша бір қызды ойладық.
Білдірмей оны тіріге,
ынтық боп күнде, асық боп,
қайсы да қайсы біріне,
қалмадық сәл-ақ «ғашық» боп.
Көрісіп жиі, достасып,
кірпіктен шықтар тамса шын,
қоштаспас жерде қоштасып,
ұзатып салдық қаншасын.
Түсіп бір түрлі күйге көп,
өртеніп сосын, тым күйіп,
қанша рет жаттық үйге кеп,
түк білмес жандай тымпиып.
Жарлардың жүзі ызғарлы,
әлі де бірақ қоймаймыз,
қыздарды,
қайран қыздарды
алыстан ғана ойлаймыз...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу