Өлеңдер ✍️

  12.05.2022
  209


Автор: Сабырхан Асанов

Күн батқан, шайдай ашық жасыл аспан...

Күн батқан, шайдай ашық жасыл аспан,
Алатау аңсайды бұлт басын басқан.
Ырғалтып ызғар соқса, жапырақсыз,
ағаштар аркаларын қасыласқан.
Қар да жоқ, бораған жоқ боран әлі,
қыздардың жұп-жұқа әне орамалы.
Қаншама дегенменен күз ғой деп бұл,
кәрілер қымтанады, орамалды.
Шығыс жақ бірте-бірте қоюланды...
Алқынып алып қашар ойы ұланды...
Көк сүзген көп қабат үй қабырғасы
жанған көп тереземен оюланды.
Ағылған автобустар кетті ме іліп,
көшеде тына қалды көптің үні,
Қысылмай қысқа қарай қадам басып,
Тым әсем Алматының өтті күні.
Кеудемнен түлеп тілек, мұрат талай,
тұрған сол орнымнан бір аттамай,
көмескі көк жүзіне көз жүгіртем,
көңілім жер бетіне тұрақтамай...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу