Өлеңдер ✍️

  12.05.2022
  107


Автор: Сабырхан Асанов

«Жабық» жайлауы - 1

Бұл неткен жер ырыс-құты қашпаған,
шыңын-құзын шырша әдіптеп тастаған.
Самал желі саумал қалпын сақтаған,
болмаса аңдар,
адам жиі баспаған.
Өзендері күркіреген кеш болса,
салтанаты арта түсер көш қонса.
Алыстағы қалқаң еске түсетін,
жарқыраған ай, жұлдызы есті алса.
Тербетіліп қызыл-жасыл гүлімен,
тебіренер шегірткелер үнімен.
Қасқырлары қалжыңдасып иттермен,
аюлары амандасар түнімен.
Меруерттей мөлдіреген шығы бар,
тазалықты содан үйрен, ұғып ал.
Қыр басында тұрып қатты жөтелсең,
қарсы беттен елеңдесер бұғылар.
Ақша бұлтты әр таң сайын ерте кеп,
аспанынан қарар күліп, еркелеп.
...Қуанышқа қосатындай қуаныш
таудан асып келіп қонған вертелет.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу