Өлеңдер ✍️

  12.05.2022
  201


Автор: Сабырхан Асанов

Құрдастар

Суға бірге сүңгіген,
бірге ойнаған асықты,
жарысып бір жүгірген,
жақын менен қашықты.
Қыста мұзға сырғанап,
тайып бірге жығылған.
сағындым-ау, құрдастар,
бұл сағыныш жасытты.
Арамыздан қыл өтпес
тату боп та жүруші ек,
қайтып енді көрместей
қату боп та жүруші ек.
Төбелесіп қалғанда
бірімізді біріміз
байқап қана ұрушы ек,
сипап қана тұрушы ек.
Дүрдигенмен топ-топ боп,
«біз мықтымыз, біз» десіп,
қалатынбыз қаңғырып,
қалатынбыз із кесіп.
Кетсек егер көріспей
бірер сағат, бірер күн,
бірімізді біріміз
жүретінбіз іздесіп.
Сағыңдым өз мінімді,
міндерімді сағындым,
өздеріңмен бірге өткен
күндерімді сағындым.
Доптаяқ пен қашардоп
ойнағанда қиқулап,
бар ауылды көшірген
үндеріңді сағындым.
Өздеріңмен бір барған
мектепті де сағындым,
бір кластан класқа
өтпекті де сағындым.
Бұрымдары селтиіп
бара жатса топ қыздар,
сол бұрымнан тартпақ боп
жетпекті де сағындым.
Бәрін-бәрін сағындым,
мен барлығын сағындым,
мұғалімдей қатал бір
жан барлығын сағындым.
Аққан судай тап-таза,
атқан таңдай аяулы,
алып-ұшқан сол шақтың
аңғалдығын сағындым.
Қу пысық боп отырмын
Алматыда мен бүгін,
таусылуға айналды
өмір дейтін кемді күн
Балалықтан жүгіріп
шаң қылған бар көшесін,
аңсамайды елді кім,
сағынбайды елді кім?!
Туған жерін әркім-ақ
тағдырына теңгерді,
Туған жері әр кімге
шырай берді, өң берді.
іліп қойдым жас қылып
мөлдіретіп кірпікке
Әсіресе сендерді,
әсіресе сендерді...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу