Өлеңдер ✍️

  12.05.2022
  116


Автор: Сабырхан Асанов

Роза Рымбаева

Кішкентай,
бұлбұлдай қыз, бармақтай қыз,
қоймас-ау өзіне алғыс арнатпай қыз.
Кеудеге қып-қызыл ғып гүл өсіріп,
Роза қойып атын, ардақтаймыз.
Ескендей салқын самал белді айналып,
сыртынан жатады оның ел де айналып.
Шаншылып шыбықтай боп шырқағанда,
кетеді бар дүние әнге айналып.
Кетеді
бар дүние жырға айналып,
кетеді
бар дүние нұрға айналып,
Үстінде боз көденің бозторғайы,
кете алмай алысқа ұзап жүрді айналып.
Сылқылдап көк орайда бұлақ күліп,
бойында бұлақтың ол құрақ тұнып.
Қыдырған түні бойы қыз бен жігіт,
қалғанын таңның атып бір-ақ біліп.
Көңілді,
көздің жауын барымталап,
көрінген құбылыстың бәрі ынталы-ақ.
Теңіз боп егін шексіз толқынданып,
асау жел арғымақтың жалын тарап.
Сау басты жіберетін көп қатырып.
Бос шабыс,
ырду-дырду тоқтатылып,
күлімдеп
космонавтар қолын бұлғап,
күркіреп корабльдер көкке атылып...
Алымдым,
ақ саңлағым,
пырағым деп,
менің де кетер өлең құрағым кеп.
Ел-жұртқа,
...Ағайынға алыс-жақын
мақтанамын,
онымен бір қалада тұрамын деп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу