Өлеңдер ✍️

  12.05.2022
  119


Автор: Сабырхан Асанов

Ардақты Аманжол ағаға

Аға-жан, құтты болсын жетпісіңіз,
тарих боп болашаққа кетті ісіңіз.
Көп болса,
елулерге келді-ау деген,
жетпіске ұқсамай тұр тек түсіңіз.
Сіз жайлы өз ойыммен кеңесем мен,
жарасар жігітке де теңесем мен.
Мақтаймын деп отырып, аға, сізді,
араз боп қалар ма екем жеңешеммен.
Көп жылдар өзіңізбен көрші отырдық,
отқа да,суға да сап көрсе тірлік.
Қорғандым кейде құйған жауындардан,
қамқор сол көңіліңізді қолшатыр ғып.
Ағасыз жаз күніндей жарқылдаған,
бүкпесі,
тықпасы жоқ сартылдаған.
Қысылам алдыңызда– жақсылығы
жан едім бір басынан артылмаған.
Тербеліп құшағында сүйген елім,
күніне тоқсан түрлі күйге енемін.
Көлеңке түсірмеген бір пендеге,
көп менің өзіңізден үйренерім.
Қоштасып көктемдермен, күздерменен,
келеміз өкше басып біздер деген.
Бір тұтам о, осынау қайран өмір,
кім білген, қымбат шығар сіздерменен...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу