Өлеңдер ✍️

  12.05.2022
  137


Автор: Сабырхан Асанов

Қайран, Шәке!

Қайран, Шәке, сағынамын өзіңді,
Сағынамын жылы-жұмсақ сөзіңді.
ойда-жоқта кейде оңаша отырып,
Жасқа бұлап алам екі көзімді.
Сағынамын бірге өткізген күндерді,
Сағынамын бірге терген гүлдерді.
Алматыны, Алатауды аралап,
Шың басынан жұлдыз көрген түндерді.
Аспан астын жібердің де ән ғылып,
Тау мен тасты кезіп кетті жаңғырық.
Жұлдыздарға ұшып кеттің сосын сен,
бұл жалғанда қалу үшін мәңгілік.
О, Ұлыжан, сол кеткеннен мол кеттің,
Жөні осы ма өмір бітіп өлмектің.
Тып-тыныш боп қалған мына халықтың,
қайғы-дертін қайтіп қана білмекпін.
Бітірер ме бұл қасірет әлімді,
менің дағы күш-қуатым мәлім-ді.
Жырлайын ба өзің жайлы тұра қап,
Әлде айтып берейін бе әнінді.
Өзімде де емес еді дос көп бұл,
Сенсіз өмір қаңырап тұр, бос боп тұр.
Түбі әйтеуір кездесерміз сол жақта,
Ал, әзірше қош бола тұр, қош боп тұр.
Тірлік мынау шым-шытырық, шатылған,
Арман кейде құстай бейне атылған.
Жұлдыздармен бірге тұрған биікте,
Айналайын Шәмші деген атыңнан!
Айналайын Шәмші деген атыңнан?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу