Өлеңдер ✍️

  12.05.2022
  325


Автор: Сабырхан Асанов

Сендер барда

Қазақтың демесем де арысымын,
қажетін қалап едім бар ісімнің.
Сондағы сүйенерім, сенерім де,
аз ғана өлеңім ғой Марс, інім.
Асауға өмір деген мініп едім,
демеймін мінезінен түңілемін.
Сондағы сүйенерім, сенерім де,
өзің мен сен секілді інілерім.
Сондықтан шалқып, балқып жыр бастадым,
аппақ боп алда алар тұрды асқарым.
Сондағы сүйенерім, сенерім де
арыстай інілерім,
құрдастарым.
Бұлт боп бірде бастан ауар қайғы,
жауғысы келгенімен жауа алмайды.
Жандарым, жер бетінде сендер барда,
ағаңды ешқашан да жау алмайды!
Ісім жоқ артық па әлде, кем бе бағам,
тағдырдың тартқан сиын тендеп алам.
Есен-сау жүрсін десең мені еркелеп,
болындар сендер аман, сендер аман!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу