Өлеңдер ✍️

  12.05.2022
  100


Автор: Сабырхан Асанов

Қалижан

Қалижан аға-ай,
Қалижан аға-ай,
Қалижан,кең дала ең-ау етек бір жеңі далиған.
Күй біткен сен деп күңіреніп те күйініп,
бір сен деп және налиды өлең, налиды ән.
Қыз-қырқын жақты түйреп бір көздің отымен,
алпысыңды да қалпыңда жігіт етіп ең.
Ер маған десең,
ере алмай қалып бірде мен,
сол жалын жаққа жалғыз-ақ тартып кетіп ең.
Буып бір тұрған бойды бір мына арманды-ай,
өзіңсіз қалып,
өксіп бір тұрған бармаңды-ай.
Қойнында мына қоңыр бір күздің күн кешем,
ағасыз емес,
құрдассыз,
доссыз қалғандай.
Біз күткен қызық қанша еді келер алдан кеп,
кім білген оның кетерін бұлай жалған боп.
Алса, алды сені жандырып отты жастық шақ,
қалт-құлт бір еткен кәрілік әсте алған жоқ...
Қалижан аға-ай,
Қалижан аға-ай,
Қалижан,кең дала ең-ау етек бір жеңі далиған.
Күй біткен сен деп күңіреніп те күйініп,
бір сен деп және налиды өлең, налиды ән.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу