Өлеңдер ✍️

  12.05.2022
  149


Автор: Сабырхан Асанов

Қырғыз, бауырым

Қырғыз, бауырым,
азбас-тозбас ақылым,
шоң шайырым,
асқақтаған ақыным.
Алатаудың бір тұрған қос шыңыңдай,
сенсің менің ажырамас жақыным.
Сен де едің бір,
мен де едім бір жас арман,
қуанғаннан көзге талай жас алған.
Бір сауалға біткен екі бұрымбыз,
екі өзенбіз бір-ақ таудан бас алған.
Пейіліміз айнымаса теңізден,
біздің алған деміміз де егіз дем.
Бір кеудеге біткен екі емшекпіз,
өмір дейтін бір сәбиді емізген.
Бұл фәниде жолдар да көп, із де көп,
несіне оны жатам бүгін тізбелеп.
Ай менен Күн көріспестен кетсе де,
кете алмаймыз,
өте алмаймыз біз бөлек.
Соны сезіп бойда қуат, күш ақты,
ұнатпайтын майдалықты, ұсақты.
Бөлек-бөлек ұстап оны қайтеміз,
әпкел бермен бөлінбейтін құшақты.
Төрдей биік сахнаға кел, мына,
шыдап бақсын кеуде мына, бел мына,
кұшысайық,
қысысайық біз қатты,
айыра алмай шаршап бітсін ел мына!
Қырғыз, бауырым,
жолдар жатыр алда ұзын
артта талай қалды ізің, қалды ізім.
Өкпелемес өзге туыс, ағайын,
сенсің десем ең жақыным! жалғызым!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу