Өлеңдер ✍️

  12.05.2022
  118


Автор: Сабырхан Асанов

Жамбыл қаласына

Сәлем саған,
Жамбылым,
ақын қалам,
тамырымда қан болып лапылдаған.
Мен саған келіп әр бір кеткен сайын,
Жамбыл ақын болуға жақын қалам.
Сәлем саған, қаптаған мұржалары,
мұржалардың басында нұр жанады.
Бейнең көзге ескілеу көрінгенмен,
көкірегімде күн сайын тұр жаңарып.
Сәлем саған, асқақ та биік арман,
ата-баба әні мен күйі қалған.
Сенің күмбез кеудеңде күмбір қағып,
талай асыл ойлардың иі қанған.
Сәлем, сәлем,
халқыңа Алатаудай,
мен кірген көп үйлердің бәрі отаудай.
Егер де әр бір қаланы бір тау десек,
көрінесің сен маған дара таудай.
Болашағың секілді бойлап ұзақ,
қыран құс жүр көгінде қанаты аумай.
Тас төбеңде күн шоқтай қалса-ақ бекіп,
бозторғайлар жатады ән сап кетіп.
Жап-жасыл боп жалғанда жата бер сен,
аңсап келіп жүрейік, аңсап кетіп...
Сәлем саған,
Жамбылым,
ақын қалам,
тамырымда қан болып лапылдаған.
Мен саған келіп әр бір кеткен сайын,
Жамбыл ақын болуға жақын қалам!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу