Өлеңдер ✍️

  12.05.2022
  174


Автор: Сабырхан Асанов

Ұлы едің

Ұлы едің, шыныменен ұлы едің,
әділет пен ақиқаттың құлы едің.
Сені еске алсам, сағыныштан жылаймын,
жылап тұрып қуанамын, күлемін,
Ұлы едің, шыныменен ұлы едің.
Алып едің,асқар ала таулардай,
аспанында ақша бұлттар аунардай.
Басқан жерде аяғыңды,
бас кетсін,
табанынды тұрушы едің аудармай.
Тұтас едің,
бөлшектене білмейтін,
ұсақтықты көзге сірә ілмейтін.
Өмір бойы
біреу соны бағалап,
өмір бойы
біреу соны күндейтін.
Өттің-кеттің дүниеге паң қарап,
жарқыраған айдын ақыл, таң қабақ.
Қазығынан айырылған қаңбақтай,
қанша жұртың қаңғып қалды қаңғалақ.
Көк асфальті күйіп-жанып күнсіген,
сенсіз мына Алматыда күрсінем.
Тас бұлақтың тамшысындай мөлдір ең.
кісі ұқпас қыз сырындай тылсым ең.
Екі иықты сенен қалған ой басты,
өзің тойған ойға сол кім тоймасты.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу