Өлеңдер ✍️

  11.05.2022
  174


Автор: Сабырхан Асанов

Қарауылдан басқаны...

Қарауылдан басқаны
көрмей кеткен, ұлы Абай,
қайғысызға қарсы кеп,
көнбей кеткен, ұлы Абай.
Аспасаң да асқар тау,
кешпесенде мұхитты,
сен орнатқан күмбез– жыр
тұр ғой әлі құламай.
Айналайын, ұлы Абай!
Әйгерімнен басқаны
білмей кеткен, ұлы Абай,
басқа жерде, басқа елде
күлмей кеткен, ұлы Абай.
Сен жырлаған махаббат
сонда да асқақ, аяулы,
жеті атамнан қалған бір
тот баспайтын мұрадай.
Айналайын, ұлы Абай!
Аз ауылдан көп түйін
шешіп кеткен, ұлы Абай.
сондықтан да, ертерек
көшіп кеткен, ұлы Абай.
Қыраным-ай қараған
тайсалмастан алысқа,
сені бүгін отырмын
еске алмасқа шыдамай,
Айналайын, ұлы Абай!
Қуаныш та жұбаныш –
болғандығың, барлығың,
жүректерге жүруде
зорлықсыз-ақ жарлығың.
Теңізім-ай толқыған,
мұхитым-ай шалқыған,
ұмыттырар кей-кейде
мына өмірдің тарлығын!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу