Өлеңдер ✍️

  11.05.2022
  183


Автор: Сабырхан Асанов

Талай да талай шіренген...

Талай да талай шіренген,
жігіттер өткен бұл дүние.
Төбесі көкке тірелген,
жігіттер өткен бұл дүние.
Талай да талай бұралған
сұлулар өткен бұл дүние.
Кеудесі толы бір арман,
ұлылар өткен бұл дүние.
Шығындай таңның тап-таза,
ақыңдар өткен бұл дүние.
Қайтарған жауын, қаптаса,
батырлар өткен бұл дүние.
Қаһары тауды құлатқан,
патшалар өткен бұл дүние.
Жеткізген хабар жырақтан,
атшабар өткен бүл дүние.
Қайтейін бәрін көп тізіп,
төзімі тарлан бұл дүние.
Барлығын,
бәрін өткізіп,
өзі бір қалған бұл дүние.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу