Өлеңдер ✍️

  11.05.2022
  656


Автор: Қаршыға Есімсейітова

Бір теңге

Арзан күлкі. Қарық болдық бәріміз,
Өңшең білгір, жасымыз да кәріміз.
Аяқ асты жатты ұлттық құндылық,
Он мың болып қуат берер нәріміз.
Теңге жатыр. Алшақ емес арамыз,
Алашаң басып, елемей де барамыз.
Тұра қалып иілдім де көтердім,
Отанымның белгісі бар, қараңыз...
Маңдай тері, халықымның байлығы,
Біреуге құт, біреудің бір шайлығы.
Талайлардың тағдырын да өзгерткен,
Өзек талып, жетпегенде айлығы.
Бұл – нәпақа, несібесі біреудің,
Керек емес, күлкіменен іреудің.
«Алтын балық» емес ол, ұлт байлығы,
Маңдайына жазылған бақ ілеудің.
Барымызды бағамызға балайық,
Теңге жатса, жерден көтер, халайық.
Ұлтымыздың қасиетін жоғалтпай,
Мәрттігіне бас иіп бір алайық.
Күлкі арзан. Өмір қымбат ағайын,
Ойымда жоқ бұл ортаға жағайын.
Елтаңба бар бір теңгені қастерлеп,
Омырауыма өлең алқа тағайын.
Не айтайын, ақтарылған бұл елге,
Жарар ма екен жыр жолдарым бір емге.
Бір мүсәпір шырағы боп жағылған,
Жерде жатқан Елтаңбалы бір теңге,
Тағдырларға таңба болып басылған,
Миллиардтарға негіз болған бір теңге...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу