Өлеңдер ✍️

  11.05.2022
  97


Автор: Қаршыға Есімсейітова

Ой кешумен, мұң кешумен күндерім...

Ой кешумен, мұң кешумен күндерім,
Өтіп жатыр түк жылусыз түндерім.
Өмір мені қақпақылға салды да,
Бір-ақ сәтте өшті шаттық үндерім.
Өмір жолы бұралаң ба, күйреттің,
Сөзін айтып, жасыдым- ау, күйректің.
О дүниенің есігін де қақтырып,
Тіршілікті бағалауды үйреттің.
Қатігез боп кеттім, сірә, білмедім,
Жақынымды жылы тартып, күлмедім.
Сонан болар, тағдыр маған сырт берді,
Сүйген жанды көзіме де ілмедім.
Тіршілікте сыйласудың бағасын,
Білмей кейде ағыстармен ағасың.
Қолдан сусып, қуанышты күндерім,
Менен ұзап, қайда кетіп барасың?!
Бәрі өтті, маған серік ой ғана,
Жанашыр жоқ, өзің түсін ойлана.
Менің жаным ұшып жүрген секілді,
Мына әлемді іздеп Сені айнала.
Ой санамда бір қопарылыс болғандай,
Жүрегіме мейірім- шуақ толғандай.
Қайта оралса сол сәттерім сенімен,
Төрт құбылам түгелденіп қалғандай




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу