Өлеңдер ✍️

  11.05.2022
  123


Автор: Қаршыға Есімсейітова

Онсыз да жаным жаралы...

Онсыз да жаным жаралы,
Сезім- от шарпып барады.
Жазықсыз соңғы махаббат,
Бойымды улап тарады.
Көз жасын төгіп өлеңім,
Мұң ашты аппақ қағазға.
Кім сұрар сезім төлемін,
Түсінер ойлы аға аз ба?!
Әйтеуір, көңіл алаңды,
Серік қып жалғыз қаламды.
Сыр-Ана, сыршыл сезім құй,
Жағалап келем жағаңды.
Тастама жалғыз қызыңды,
Деп әуен нәзік сызылды.
Жер-Ана сені сүйемін,
Жұтсам да шаңды- тұзыңды.
Таба алмай жүрек сыңарын,
Жырақта өсті- ау шынарым.
Жалғанда мынау сабылып,
Іздейді өксіп жыр- әнін.
Мендегі осы жалғыз мұң,
Таппадым Сені, жалғызбын.
Аңсарым ауса сен жаққа,
Жұтамын иісін жалбыздың...
Тағдырым өзің. Жалғызбын...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу