Өлеңдер ✍️

  11.05.2022
  237


Автор: Жүрсін Ерман

Ескі элегия

Домбыраң – тағдырласың, жан серігің,
Сыйқыр бар уілінде әр шегінің,
Сен маған сарқытындай көрінесің
Қазақта қалған ақын, сал–серінің.
Өзің де көне дыбыс, мұңлы күйсің,
Күйінсең, көкірегің шын күйінсін.
Тынысың ашыла ма – жұтқаныңда
Жылқының жалындағы күннің исін?
Серінің көңілінің бәрі осалдан,
Қаяу көп жүрегіне жара салған.
Қамығып қараша үйде есейдің бе
Қасірет күйін тыңдап қара шалдан?
Сол ғой, сол – сендегі шер, мендегі шер,
Жолықпай жан жарасын емдегіш ер,
Жүреміз жалғыз-жарым саяқ құсап
Жарымес болмаған соң демге пісер.
Жүр дейсің дертке сендей ұшырап кім,
Қырға шық, қамау терін түсір аттың.
Қағаз шай, ащы насыбай табылмаса,
Қымызын құнығып іш қысырақтың!
Сонан соң ер-тұрманын сайла атыңның,
Қалмаған алтын басы қайда ақынның.
Сүңгіп кет туған жердің қойнауына
Төсегінен тұрсаң да қай қатынның!
Киіп ап түлкі тұмақ, саптама етік,
Қасқыр қағып қайтуға тоқтам етіп,
Қарагердің белінде қайқая шап
Жар демей, жыра демей таптап өтіп.
Құла дүз, қу даладан құбыла тап,
Алмаған кісідей боп ғұмыры атақ,
Қарайып көк жиекке сіңген қандай,
Жалғызға жалғыздықта шын рахат!
...Биіктен сорғалаған мұзбалағым,
Тағдырлас тағысы едік біз даланың.
Сарқыты серілердің деп мен сені
Қаланың шуылынан қызғанамын!
Нансаң да, шыным осы, нанбасаң да,
Саяқ қой сертке туған жан қашанда.
Баяғы бабалардың елесіндей
Төбеңді көрсетіп жүр анда-санда.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу