Өлеңдер ✍️

  11.05.2022
  150


Автор: Жүрсін Ерман

Зергер

Болғандай ғып айтуға енді болғанды
Жыр-жүрегім тағы бүгін толғанды...
...Кемпірі өліп, келін-бала қолында
Жетпістегі ұста зергер шал қалды.
Қу жалғыздық кетсін кімді жасартып,
Нұр өмірге қолында жоқ қосар түк,
Жиһаз толған жасаулы үйде шал өзін
Көріп жүрді мүліктей бір басы артық.
Кәрі көңіл сезбейтінді сезеді,
Ұлды ойласа уылжиды өзегі.
Үйге сыймай, ұзап және шыға алмай,
Қарт зергердің кәріп болған кезі еді.
Дей алмайсың оны өмірден жеріді,
Қарияның осы еді бір берігі.
Бір серігі– таусылмайтын ойлары,
Немеренің бесігі– бір серігі.
Тербеп жүріп немеренің бесігін
Тапты бір күн жұмбақ ойдың шешімін:
Қартайғанда қайта қолға алды шал
Көз қарығып, қойып кеткен кәсібін.
Болмаса да келін мазаң, тіміскі,
Үлгермеген болып әлі сіңісті.
Сол келінге жүзік соға бастады ол
Қалт-құлт етіп, төгіп-шашып күмісті.
Балдағына алтын шапқан, мөрі айқын
Жүзік қандай– бір қараға жарайтын.
Немеренің ұстата сап қолына
Шал келінге жаутаң-жаутаң қарайтын!
Шын өнердің ашқан бастау-тұмасын
Шал емес қой, қазына ғой бұласыл!
«Біздің әкей– маладес»,– деп міңгірлеп,
Әйеліне күлімдейтін жуас ұл.
Қара шал-ай, жасап өткен көп ерлік,
Қуат тапты ол нақыш -зерін төгер нық.
Бекітуге жас отаудың іргесін
Жұмсалатын болды бүкіл шеберлік! (Отау бүгін үй боп кетті іргелі,
Өзгелерден жоқ ол үйдің бір кемі.
Жалғыз ұлдың есімі еді арабша


Келінінің зер-нақыш деп жүргені).
Таппады ма жұбатудың басқа емін
Қара шалға қара есігін ашты өлім.
Қос жүзіктен салып әрбір қолына
Қызмет қып жүрді сол күн жас келін.
Жуас ұлға жылы сөзбен дем бердік,
Жасамайды шал ол үшін енді ерлік.
Жетімсіреп қалды бала ... және де
Төр үйдегі бұйымдары зергерлік!
Жетім қалды нәскүрік, біз, төс,
көрік,
Соларды ұлы жүрді біраз ес көріп.
Дәнекерлеп жүр екен ғой қара шал
Жүре келе, келінге бар көшті ерік!
Айтайын деп... айта алмай... іркіліп,
Жуас ұлдың күрмелумен жүр тілі.
Шалдың бүкіл жиған әбзел-сайманы
Ауыз үйге шығып қалды бір күні.
Оттың басы– шатынаған шар айна,
Шар айнаңыз шарпысуға жарай ма:
Шалдың мүлкі шығып қалды далаға
Біраз жатып сенек пенен сарайда.
Жөн-ақ шығар. Дегдар болып өс дейміз,


Жақсы женге, бірақ мұны кешпейміз.
Татулықтың зергеріндей қара шал
Көңілден де шығып қалса не істейміз!
***
Ақыннан ес кететін жырдан – маза
Керегі не лақпырттың құр даңғаза:
Таңда мақшар болғанда, әр пендеге
Анық болса бір әділ тұрған жаза?!
Даңқымды емес, тәңірім, антымды бер,
Болжамасам халімді – халқым күлер.
Кешейін қойдан қоңыр тірлігімді –
Өзінің шамасы мен шарқын білер.
Жайдақталып кеткенмен замана тым,
Өңмендеумен шықпасын жаман атым.
Шұға жауып жатса да көктен жерге
Қалғып кетпе, қазақы қанағатым!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу