Өлеңдер ✍️

  10.05.2022
  338


Автор: Жүрсін Ерман

Апа

Сен өмірдің тауқыметін көп тарттың,
Көп тарттым деп кімге бірақ өкпе арттың:
Бар сырыңды бүгіп, апа, ішіңе
Қатарында келе жатсың көп қарттың.
Уақыттың қарасаңшы озбырын:
Бел бүгілді,
әлсіреді көз нұрың.
Күннен күнге бара жатыр сұйылып
Бөз жаулықтың астындағы боз бұрым.
Сен түсесің ертелі-кеш мың ойға,
Мұңайма деп қалай айтам, мұңайма.
Мәңгі қолың жетпес армандарыңа
Жеткізуге табады енді кім айла?!
Ей, тағдыр-ай, тағы да құм қаптырған,
Бірде – аспанға,
Бірде – жерге лақтырған.
Қайтсем аман алып қалар екенмін
Үмітіңді – үзілуге шақ тұрған? –депкүйзелем.
Күйзелем де сенделем,
Тек мықтырақ болып шықтың сен менен:
Келер жаздың қамын ойлап жүресің
Шырақ етіп үмітіңді сөнбеген.
Көптей алда көретін күн, татар дәм,
Бәрі қайтып келетіндей сапардан,
Ошағыңа от тұтатып жүресің
Қайратыңнан айналайын қаһарман!
Сезіміңді төзіміңе билетіп,
Қиындықтың қабырғасын күйретіп,
Сен әлі де жүрсің маған, аяулым,
Өмір үшін күресуді үйретіп!
***
Көңіліме күдік-құзғын ұялап,
Таппай қойды ойым бүгін тиянақ:
Күтпеп едім мен ешкімнен қастандық,
Күтпеп едім мен ешкімнен қиянат!
Арман етіп аппақ-аппақ мақсатты,
Азаматпын деп жүр едім жақсы атты.
Біреу менің аяғымнан шалды да,
Сұлатып сап, аяусыз қан қақсатты. Зұлымын-ай!
Қапияда басты аңдып,
Қан қақсатты.
Тұрмын енді бас мәңгіп.
Мен ешкімге жасамап ем қиянат,
Және ешкімнен тоспап едім қастандық.
Құлагермін деп өзімді алдаман,
Бірақ көңіл бір нәрсеге болды алаң:
Батыраштар болады екен жанкешті
Ғұмыры ұзақ қараулыққа таң қалам.
Тарқата алмай күдікті ойдың тұзағын,
Тынышымды талқандаймын, бұзамын.
Ашулы жыр жаздым, міне, қаламды
Малып алып сиясына ызаның!
***
Сезім – сәуле лып еткенде қас-қағым,
Талай өлең бастадым да, тастадым.
Бір мұңымды көшіргенше қағазға
Көңіліме қонып жатты басқа мұң.
Шалыс болды аяғымды басқаным,
Алыс болды келер-ау деп тосқаным.
Ұғынар деп ұлық тұтқан достарым
Артылмады қамдағаннан бас қамын.
Жанашыр деп жалбаңдаған туысым
Көңілінің көрсетеді қуысын.
Ару ғой деп аңсағаным болды аяр –
Алдауға да, арбауға да ол даяр.
Үлкенім деп үздіккенім ұры екен,
Мен тұлыпқа мөңіреумен жүр екем.
Қасіретім қамап мені қасқырдай
Адымымды қойды мүлдем аштырмай.
Күдіктерім қалт еткізбей тұрса аңдып,
Күңіренбей қайтсін кеуде-сырсандық.
...Бұлбұл – өлең безіп бара жатады
Ол да менің ауызыма бір саңғып!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу