Өлеңдер ✍️

  10.05.2022
  126


Автор: Жүрсін Ерман

Жерұшық

Жотамнан шықпай жатыр қарысып тер,
Демеші маған тағы дәрі ішіп көр.
Дәріден дәру болмас секілді ғой
Бәйбіше,
Енді маған жерұшық бер!
Несі бар жерұшықтың кісі ұқпайтын,
Санама сәулесі оның түсіпті айқын.
Баяғы бала кезде,
Сәл ауырсақ,
Шешеміз Жермен бізді ұшықтайтын.
Салт шығар түсініксіз сауға бірақ,
Ырыммен басымыздан аумады бақ.
Таза жер топырағымен қағушы еді,
Ауылдан алып шығып аулағырақ.
Шешеміз қалбаңдаған бір көбелек,
Күн бата
Кіріп мүлде түрге бөлек,
Ұлы Жер рухымен тілдесетін
Күбірлеп бірдеңе де бірдеңе деп.
Не дейтін?
Оны біздер қалай ұқтық?
Бетіме баса көрме оны айып қып.
Әйтеуір жерұшықтың арқасында
Сырқатты сілкіп тастап, сан айықтық.
Сол күндер!
Көз алдымда тұрсын менің.
Сырқаттан қалғанымен құр сүлдерім,
Құшақтап туған жерді жатқанымда
Естуші ем жүрегімнің дүрсілдеуін.
Өзінің жасап солай бір амалын
Анашым айтушы еді жорамалын:
«Таза бас туған жердің топырағын,
Жете гөр қадіріне Жер– ананың!».
Көңілді бастық бүгін өрекпіген,
Білемін енді басқа деректі мен.
Ұшынған ұлы дәуір сырқатымен
Ұшықтау Жердің өзін керек білем!
Жер дертін жазар қандай есеп-айла,
Күдіктің қалың бұлты көшеді ойда:
Атомын қойнындағы ауырсынған
Ұшықтар ата жұртты шеше қайда?!
...Деуші едім– дәрі-дәрмек бәрін бекер,
Болмады көнбесіме әлім кетер.
Жер– анам дәтке қуат бола алмады,
Бәйбіше, қайтем енді...
Дәріңді әкел!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу