Өлеңдер ✍️

  10.05.2022
  166


Автор: Жүрсін Ерман

Жиырмасыншы ғасырдың қыпшақтары

Жалаң қолмен жаратын қабыланды Біздің арғы бабамыз – Қобыланды.
...Қобыланды құсадан өлер еді,
Көрсе өзінен тараған көп ұланды.
Ұрпағы жүр– белгісіз жоқ-барлығы,
Өмір дейтін шықпайды көкпарда үні.
Сездірмейді ішінде не жатқанын,
Жуастығы беймәлім, сотқарлығы.
Ел қатарлы демейді атқа мінем,
Тұмсығымен тауықтай тапқан үнем.
Бажырайып бетіңе қарамайды
Сүйегінен сөз өтіп жатқанымен.
Сүйінгені белгісіз, күйінгені,
Олжасының үлкені– киінгені.
Досы да жоқ сеніскен, қасы да жоқ,
Бар дұшпаны қатыны– үйіндегі.
Санатта жоқ, санда бар құр масылың,
Тізіміне қоса сал ұрғашының.
Ел мен жердің тағдырын не қылады
Түгел болса ұпайы бір басының.
Қажытқан соң тағдырдың тас қамалы
Таусылды ма сорлының басқа амалы.
Қобыландыдан тараған тек едім деп
Айтуға да естіртіп жасқанады.
Жалаң қолмен жаратын қабыланды
Біздің арғы бабамыз– Қобыланды.
Тіріліп кеп қалмасын сол бабамыз,
Салар еді, кеп қалса, көп лаңды!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу