Өлеңдер ✍️

  10.05.2022
  135


Автор: Жүрсін Ерман

Ата жұртым Бескесік

Түргізіп тастап бабам кешке есігін
Санаған қайта-қайта Бес кесігін.
Бес тармақ жыр жолындай қайталаймын
Осынау бес белестің ескі есімін.
Бескесік бес биігім бес мінбердей,
Келемін жалғыз өзім ешкімге ермей.
Бесінде бауырыңа бұға қалсам
Болады бабам даусы естілгендей.
Жатамын шалдарымның естіп үнін,
Бескесік жұмбақ сырлы бес биігім.
Бес тармақ жұлдыздардан аман қалған
Баянды ғұмырыңның шеш түйінін.
Бескесік бесқияндай бес белесім,
Түсесің қайта-қайта еске несін?
Тарихын тар заманның тиеп алып
Теңізге жүзіп шыққан бес кемесің.
Бесбиік, мен сендерді ес тұтамын,
Қапия сынбаса екен еш бұтағың.
Бұланты балалары оқысын деп
Текшелеп жиып қойған бес кітабым.
Ішіне кіріп алып шырғалаңның
Жүрсем де астанада – қырға алаңмын.
Бескесік бес бесіктің амандығын
Құдайдан сұрап жүрген бір балаңмын.
Сұмдықтар көп сіз бенен біз білмейтін,
Құдірет жоқ және оны тізгіндейтін.
Ертең тәуір болар деп елеңдеуші ек,
Ертеңнен де күдерді үздім кей күн.
Өкпелегіш болсаңдар – өкпелеңдер
Өңкей қолдан жасалған көп кемеңгер:
Есін танған ел-жұрттың есесі үшін
Енді жазбай жүре алман кекті өлеңдер.
Болып қалды сөз сояу, өлең сабан,
Әділдігің қайда әлгі ел аңсаған?
Бір әділет салтанат құрады деп
Құр емексіп қашанғы сенем саған?
Ию-қию қоянжым айла-шарғы
Қилы-қилы қиямет ойға салды.
Қара суға қамалып халық қанша,
Асау керек біреулер май қашанғы?
Алшаң-алшаң басатын ана сұмдар
Момын елге дей қоймас аласыңды ал.
Басқа тартсаң ашылып ақ сирағың
Миың қатып, миғұла боласың дал.
Титықтады қалың ел.
Тұралады.
Қалың елдің бар шығар бір обалы.
Келетіндей көресің бір құдірет
Бар сұраққа бір жауап сұрағалы.
Белгісіздеу келері, келмесі оның,
Мойығандай мойындап ел де сорын.
Не боларын кім білсін мұның соңы...
Бұл өлеңнің жазбаймын мен де соңын...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу