Өлеңдер ✍️

  10.05.2022
  129


Автор: Жүрсін Ерман

Қарасаз. Қарашал. Қарғыбау

Қаракөздің қойнында
Қарасөзге тойдым ба.
Қаратүнек ойдың да
Қарғыбауы мойнымда... 
Қара бұлтты жамылып
Қара жолдың үстінде
Қарасөзден жаңылып
Қара өлеңге түстім бе.
Қарасазға бардым ба
Қара шалғын кештім бе.
Қара шалдың алдында
Қара өлеңдей естім бе.
Қара, қара, қара өлең,
Қарайғанның бәрі өлең
Қарасаздың қары өлең,
Қара өлеңдей кәрі емен.
Кәрі еменім – қара шал,
Қара шалым –кием ең.
Қара шекпен жарасар
Қартыма кеп сүйенем.
Қартымды ойлап қамығып,
Қара нардай ыңырсып
Қарғанудан жалығып,
Қара көңіл тымырсық.
Қара суға шөл қанбай,
Қарманғанмен ем қонбай,
Қарасарға ел болмай
Қаңсылаймын арландай...
Қаракөздің қойнында
Қарасөзге тойдым ба
Қара түнек ойдың да
Қарғыбауы мойнымда.
Қарасаздың қары алыс
Қайда кетіп барамыз
Қара шалым тарамыс 
Қалбаңдаған қара құс.
Қара шалым күрсініп
Қара орманын іздеді-ау.
Қараң қалғыр тіршілік
Қарғыбауын үзбеді-ау!
Таң қалмаймыз қиянат іске ғажап
Бізге ертегі – басыңа түскен азап
Тойыңа кеп, төріңде шалқаямыз
Әңгіме айтып сені әлі күстаналап!
Мейлі, саған күмбез де салынбасын
...Таба алмаймыз біз енді оның басын.
Тек тыныштық беріңдер аруаққа
Жер шарында енді аға дамылдасын!
Тоқтатыңдар, күңкілдер доғарылсын,
Ақын ұлдан өлгенде сор арылсын.
Мейманасы тасыған ұрпағыңды
Кешір, аға сұрқия заман үшін!
Жер бетінде Сәкеннің моласы жоқ,
Тербетуге Сәкеннің баласы жоқ.
Моласы мен баласы жоқ болса да
Ештеңеге Сәкеннің таласы жоқ.
Зобалаңда айналған адам аңға
Алтын басың қалды ма Магаданда.
Қайда барып аятты бағыштаймыз
ғайып болған, моласы жоқ адамға.
Сол қапия тағдырың мұңайтады,
Атар ма екен ақынды бұлай тағы.
Боралдайда қалды ма сай түбінде,
Кім айтады, хабарын кім айтады!
Жолдас етер иманын мүмкін, Алла?
Бір тербелсін аруақ бұл күні ол да.
Моласы жоқ ақынға тие берсін
(қол жайыңдар)
Жер шарына оқиық... құлқу Алла!.. 
Бір кіріп, кірмей мүлде есім бір күн
өлеңнің дариясын кешіп жүрмін.
Қазақтың кең даласын шолып қайт деп
Ұшырдым балақбауын шешіп жырдың.
Біліп қайт, кісі бар ма сөз ұғатын,
Бейнетке жүр ме бекер төзіп ақын.
Түбінен құлағымның сөз зуылдап,
Бәйгеден күнде келем озып атым.
Демеймін тегеурінге төзбейді уақыт,
Отырам қақпақылдап сөзді ойнатып.
Қара өлең нөпірімен қаптап берсем
Тастаймын сыйқыршыдай көз байлатып.
Бес қойын баға берсін бақса ағайын,
Мен үшін емес енді ақша да уайым.
Әлемнің әміршісі секілденіп
Отырам билік құрып патшадайын.
Таппадым қазынаны сөзден артық,
Қолыма ілінбейді өзге алар түк.
Асау сөз шаң қаптырып шабандозға
Бір күні кетер ме екен көзді ағартып?
Ішіне кіріп алып ойдың қалың
Еліккен, желіккеннің қойдым бәрін.
Көтерген дүниенің төбесіне
Тарқама, жыр-жәрмеңке, той-думаным!
Шешен десе– біз басты дауға бердік,
Көсем десе– көрсеттік жауға да ерлік.
Көрешекті көргені аз болғандай,
Енді ақынға қалғаны– саудагерлік.
Қорлансаң да, күйініп, жиренсең де,
Сатуға алып шық бәрін үйден сен де.
Жұрттың сені сатқаны аз болған жоқ,
Енді, ақыным, сатуды үйрен сен де.
Ал, сат, ақын, өлеңді, сөзіңді сат,
Алпауытқа телміртіп көзіңді сат.
Жалындаған, лаулаған сезімді сат,
Бәрін де сат,
Алдымен өзіңді сат.
Кезің болды заманнан үлгі алатын,
Бұлданатын түгі жоқ, тұлданатын.
Алып сатар қоғамның күні туды
Нең бар еді, ақыным, пұл болатын?
Мініп пе едің ауылдан– атыңды сат,
Жатыңды сат, алдымен жақынды сат.
Күндіз сауда жаса да қан базарда,
Түнде... түнде.. өлең жаз ақынға ұқсап!
Мына заман, қай заман– залым заман,
Кешегіден бүгінгі халім жаман.
Үмітіміз күл болып көкке ұшты да,
Жігеріміз құм болды жалындаған.
Алдым қара түнек те,артым– іңір,
Алданумен өтіпті жарты ғұмыр.
Кіріп-шығып,
Жүргенмен барып-келіп,
Жаным өліп қалғандай,тән тірі құр.
Тағдырының тізгінін пері ұстаған
Мына заман, қай заман– теріс заман?
Сайтан адам алшаңдап өмір сүріп,
Қорғалайды күн үшін періште- адам.
Талпынам да, тұсалып, тежелемін,
Төзген, төзбек, бәріне төзеді елім.
Сәбиімдей мен сені әлдилеймін,
Сен аман бол, киелі сөз өнерім! Ххх
Нешеме жыл өтсе де, неше ғасыр
Қарға қыран болмайды, есек– асыл.
Бір сілкінбей қойдың-ау, ей, ағайын,
Бүгін басыр көздерің кеше басыр.
Жібімей ме жаратқан жаппар әлі:
Айырмай-ақ қойдың-ау ақ-қараны.
Табағыңа түсетін сыбағаңды
Тағы біреу қымқырып ап барады.
Нұқымаған кім қалды, жекімеген
Қозғалмайсың сен оған етіп елең.
Аят оқып аңырап отырасың
Перзентіңнің басында шетінеген.
Болғаны ма басыңа баянды азап?
Батыр– сенің қасыңда қоян ғажап.
...Басыңа кеп мен азан шақырайын:


Бастырылып жатырсың, оян, қазақ!
Сырыңды алып іргеңнен
Күле қарап кіргенмен
Осал жерден көздейтін
Заман мынау сұр мерген.
Өз басымен жол ашар
Мен екенмін сол осал:
Көне салдым– көн десе,
Болдым– десе бола сал.
Төзім бітті, жоқ тоба,
Түсем енді отқа да.
Ақыл айтқың келе ме
Аузыңды жап! Оттама!
Ақыл тыңдап болғанмын,
Тоғандайын толғанмын.
Тыңдай-тыңдай миғұла
Болуға да сәл қалдым.
Жөні бар деп мұңаяр
Біз байғұсты кім аяр?
Жүрек айнып жиренем
Күлкілерден кіл аяр.
Елдің мұңын екшедім,
Көсегемді көкседім.
Үміт те жоқ менде енді,
Арман да жоқ.
Жоқ сенім!
Меңдегенде сөз-індет
Тұтан
ады сезімде от.
Шолам сонда жан-жақты
Өзімменен өзім боп.
Айта алмаймын арзан ән
Кейде жоқтан бар жаман.
Жібереді заржақ қып
Залым заман, зар заман.
Уға толып жыр-кесем
Шүпілдейді үрлесем.
Осыны да місе тұт
Дейді маған бір көсем.
Тұта алмаймын, тұтпаймын!
Қашанғы енді шықпайды үн?!
Неге саған бас шұлғи
беру керек? Ұқпаймын.
Еркі өзінде егемен
Ел боламыз деген ең.
Жұрт бал жалап жатқанда
У ішемін неге мен?!
Кім басымды кеміткен,
Кім бөтенге теліткен?
Өз қасығым аузымды
Таба алмайды неліктен?!
Жан-жағына жал тақтап
Жасық қалай жол таппақ?
Жалпақ шешей боламыз
Қашанғы біз жалпақтап?!
Тістей-тістей тілімді
Тілім әбден тілінді.
Ата қазақ, туып па ең
Бұға бер деп ұлыңды?
Қоң етіңді бұздырмас
Жем болғанша құзғынға аш
Неге құрбан болмайды
Сіздің бас пен біздің бас?!
Шырмауыққа шатылдық.
Сатып біттік. Сатылдық.
Қанжар жатса қалтада
Кімге дәрі татулық?
Сен жүресің жасанып,
Елің мынау– аш-арық.
Жандайшабың шаршатты
Шаш ал десең, бас алып.
Кімді жүрміз аяп біз
Ата жұртта саяқпыз,
Қамшы емеспіз, таяқпыз,
Бас емеспіз, аяқпыз.
Тұз сепкендей жараға
Сөздің соңын сарала:
Доңыз үріп қораға,
Құл жүреді жораға.
Көрінгенге имей бас
Қайыршыға тимейді ас.
Дейсің бізге қашанғы
Аяғыңды билей бас.
Бұғын десең
– бұғындық,
Жығыл десең
– жығылдық.
Аярлықтың майынан
Жүрек кілкіп, шығындық.
Ойсыраған ойымды ұқ:
Теспей бітеу сойылдық.
Шөліркедік шындыққа,
Өтірікке тойындық.
Болса әбден жігер құм
Мықтысы ғой шідердің.
Көкбөрідей қазақты
Қоян етіп жібердің.
Тұйыққа кеп тірелдік,
Керек енді бір ерлік:
Адырнадай керіліп,
Жебедей боп шірелдік.
Жетер, жетер, жетті енді!
Қабындырма өкпемді.
Қоям сөздің соңына
Найзадай ғып леп белгі!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу