Өлеңдер ✍️

  10.05.2022
  187


Автор: Жүрсін Ерман

Асықпа жаным

Жүректің отын назыңмен үрлеп жағасың,
Қамықса көңіл, қалауын іздеп табасың.
Ғажайып сәтім ғайып боп кетсе, қайтемін,
Асықпа, жаным,
Асығып қайда барасың?
Сағыныш болып сарсаңға мені саласың,
Қиялмен кезем аспан мен жердің арасын.
Тасыған көңіл таба алмай жатыр сабасын,
Асықпа, жаным,
Асығып қайда барасың?
Күлімдеп келіп тарқатып көңіл наласын,
Күнімдей болып көгімде менің жанасың.
Сен ғана мені серпілтіп ойдан аласың,
Асықпа, жаным,
Асығып қайда барасың?
* * *
Өлең қаузап, жыр жазып неше түрлі,
Мен ұйықтамай өткердім кеше түнді.
Сабылысқан Алматы сап болды да,
Қозғалыстар тыйылды,
Көше тынды.
Түн тым-тырыс,
(Бұл өзі мүмкін дұрыс),
Тауып жатқан шығар-ау жұртым тыныс,
Оттар өшті. Дыбыстар доғарылды,
Тіршіліктен белгі жоқ. Түн тым-тырыс.
Қара түннің құшағы қаусырғанда,
Ғайып болып кеткендей тау-шыңдар да.
Құлаққа ұрған танадай бұл не сұмдық,
Бәрің өліп қалғаннан саусыңдар ма?
Жөтелмей шал, жыламай жас бала да,
Өмір тоқтап қалғандай астанада.
Ояна ма Алматы енді қайтіп,
Қызу тірлік қайтадан бастала ма?
Шарпығандай түн болып бетімді мұң,
Сездім жалғыз пенденің жетімдігін.
Ығы-жығы Алматы көшіп кетіп
Жұртта қалған мен ғана секілдімін.
* * *
Көнер ме уақыт ырыққа
Құрықты жалған сырыққа
Бақ-дәулет іздеп жүргенде
Келіп те қаппыз 40-қа.
Бұрылмай кейде тұныққа
Түкірдік талай құдыққа.
Отызда ойран сап жүріп
Келіп те қаппыз қырыққа!
Беймезгіл жолға шығып та
Тонғанбыз талай суыққа.
Ағалап жортып жүргенде
Өзіміз кеппіз қырыққа.
Қарауыл қойып қылыққа
Мөңірейміз бе енді тұлыпқа.
Шынымен келіп қалдық па
Атаның жасы 40-қа!
Қызыққа енді құнықпа
Құлыпта, бәрін құлыпта.
40-қа келдің, 40-қа,
Ұмытпа енді, ұмытпа!
40-қа келдік, 40-қа,
Атадан қалған ғұрып па...
Тағы да жортар ма екенбіз
Іздемей сылтау сыныққа...
Заманның жүгі иықта,
Адамның мұңы миықта
Қырқаға шыққан ғұмырды
Тіреме, тағдыр, тұйыққа!
* * *
Дос дейтін дос та қалмады,
Санама түсті салмағы;
Шын досты ажал жалмады.
Алдамшылары алдады.
Құлағанымды күтіп жүр
Қарақтап қасымда қалғаны
Оң жаққа мені салғалы,
Үш жерден буып-таңғалы.
Сүйегіме түсіп сол күні,
Тонымды қалап алғалы!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу