Өлеңдер ✍️

  10.05.2022
  466


Автор: Жүрсін Ерман

Досым жоқ менің..

Серілік құрып,
Сергелдең өмір кешсем де,
Адамның бәрі досым деп
кейде бөссем де,
Адуын ақын,
Сөзіме менің еш сенбе
Досым жоқ менің – болмағанындай дос сенде...
Досым жоқ менің...
Болады бұған не істеуге?
Досым жоқ менің,
Дос іздеуге енді кештеу ме...
Қасымда жүріп қарақтағандар
қаншама, 
Бармайды дәтім бірін де соның дос деуге!
Досым жоқ менің сырымды сөзсіз ұғатын,
Досым жоқ менің алдымнан аңсап шығатын.
Досым жоқ менің сүрінгеніме қан жылап,
Қайғырып бірге ішінен үнсіз тынатын.
Досым жоқ менің арманымды айтар
қол жетпес,
Досым көп менің дулы кештерде шөлмектес.
Досым көп менің атымды мініп кететін,
Досым көп менің қасіреттеріме селт етпес.
Досым жоқ менің қуанышымды да бөлісер,
Жоқ болса қайтем, 
Қаумаламасын мені шер.
Шықпаса шаңым шықпай-ақ қойсын, қайтейін.
Жалғыз-ақ асам – алдымнан шықса еңіс-өр.
Досым жоқ менің,
Қайтемін досым жоқ болса,
Оңаша күйем 
өзегімді өртеп от толса.
Досым жоқ менің 
Күндеушілерім де жоқ шығар –
Баянсыз бақыт басыма
бір күн кеп қонса...
* * *
Мешел достар қайтарып меселімді,
Кеселімен желкеме неше мінді.
Датталумен
сарсытып құлағымды,
Ақталумен өткердім неше күнді.
Ақтығыма сендірер жоқ па амалым?!
Ант-су ішіп,
Қарғанып,
Ақталамын,
Өмір емес өмірім,
Достарымның
Көңілінен шығу ма деп қаламын.
Кінәлі кім?
Жөн кімде?
Кім аңдаған,
Мұның бәрін бейбәлім, тұман маған.
Дос дегенім – досым ба, дұшпан ба екен,
Айыра алмай арасын күмәнданам.
Өрге жүріп тұрған жоқ тасым да онша,
Маңайымнан неғып жүр қасым болса?
Досым болса, ұқпай ма көңілімді,
Ғайбатына әркімнің бас ұрғанша.
Бірақ дос жоқ осыдан өзге менде,
Төзе берем,
Қайтемін төзбегенде.
Ақиқатқа өлсе де иланбайды,
Өтірікке сенеді сөзге келмей.
Солар бірақ тұсымнан салған дүбір,
Маңайымнан табылып– болғанда іңір.
...Шап қаптырып қай жерде кетеді деп,
Жалтақтаумен өтер ме қалған ғұмыр?!
* * *
Қайтем, жаным, қасіретім болса емсіз,
Айықпайды,
Айықпайды ол сенсіз.
Саған деген менің ынтық сезімім
Аспан толған ауа сынды өлшеусіз.


Таппай қойдым бұл дертіме дауаны,
Талабымның шағылғандай тауаны.
Саған деген менің ықыласымды
Аңғармайсың жұтқаныңдай ауаны.
Аңғармайсың.
Аңғармасаң – аңғарма.
Мен өзіңді балай берем заңғарға.
Терезеңнен төгілемін шуақ боп
Сен қуанып оянатын таңдарда.
Гүл боп тұнам сен жүретін жолдарда,
Нұр боп толам сен кіретін залдарға.
Сапар шегіп сан қияға барғанда,
Мен алдыңнан шыға келсем – таңғалма
Аңғармайсың.
Аңғармасаң – аңғарма,
Дүниеде мен де бармын – сен барда!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу