Өлеңдер ✍️

  10.05.2022
  99


Автор: Жүрсін Ерман

Мұхаметжан Әуезовке

Жездінің жігіті едің бір иманды,
Сен өмірден өтер деп кім иланды?
Мереке жасап күнде от басыңа
Төбеңе көтеруші ең Мунираңды.
Қопарған туған жердің көк құрышын
Қаныштан кейінгі сен докторысың.
Көңілін табушы едің көпшіліктің,
Халыққа ұнамаған жоқ бір ісің.
Ел қамы кетпей бір сәт бүйіріңнен,
Жаныңа жақсы-жайсаң үйірілген.
Топтан торай шалдырмас тарлан едің,
Адасып қалдың қалай үйіріңнен?!
Алдыңда кезек күтіп тұрғанда аға
Сен болдың тұтқиылдың құрбандығы.
Өзіңнен өнеге алған шәкірттерің
Орныңды толтыра алмай жүр барлығы.
Жаз, көктем жетуші еді өткенде ақпан,
Сұм ажал құрды ма екен көптен қақпан.
Сұлатса сен секілді бәйтеректі
Иыққа түскен салмақ неткен батпан?!
Ашылып алдыңдағы мәңгі есігің
Туған жер тербетуде тал бесігін.
Кісілік, кішіліктің бейнесіндей
Жаңғырып жадымызда қалды есімің.
Өзіңмен бірге өткізген күндер есте,
Шығып ең бір белестен бір белеске.
Ақ жүзің, алып тұлғаң, мол мінезің
Қайрылып келмейтіндей кірді елеске.
Шықпайсың бұрынғыдай нұрлы асуға
Келмейсің кешкілікте сырласуға.
Жерұйық Жезқазғандай мекеніңді
Күзетіп жатқандайсың қыр басында!
Ұршық – күн кеткенінше жаңылысып,
Жетеміз Жезқазғанға алып-ұшып.
Бәріміз де әзірге жолаушымыз
Тұсыңнан өтіп жатқан сабылысып.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу