Өлеңдер ✍️

  10.05.2022
  100


Автор: Жүрсін Ерман

Нияз Тілеулі ұлының жаңа күмбезі

Тарихтың тозаңында кім азбаған?
Қыпшақта сенен асып би озбаған.
Үстіңе ұрпақтардың жаңа үй тікті,
Күмбезің құтты болсын, Нияз бабам!
Ардақтап атағанмен жұрт аттарын
Бір-бірін танымайды ұрпақтарың.
Датқа деп, хан
-тархан деп даурығып жүр
Біреулер ауыл
-үйдің «ұр тоқпағын».
Кемеңгер атанып жүр– қарты масыл,
Ер сирек дәл өзіңдей жалпыға асыл.
Тайға таңба басқандай ізің жатыр
Қазақтың тарихында жарты ғасыр.
Тегіннен тараған жоқ көпке атағың,
Перзенті қыдыр берген ақ батаның.
Алтын құрсақ Жапалақ анамыз бен
Тұяғы Тілеулідей текті атаның.
Баһадүр– ақ найзалы, көк сүңгілі,
Аңызға айналған ер көп шындығы.
Қол бастап, қалың елге қамқор болған
Қалдырып кейінгіге жақсы үлгіні.
Талайлар таланыңа таң қалысқан,
Дақ түспей даңқыңа да келді алыстан.
Ұрпағың– Жанбосынов Әбдіғапар
Арқада арпалысқан соңғы арыстан.
Рухың жетті егемен дұрыс күнге,
Басыңа орнады енді ырыс мүлде.
Қасыңа көшіріп ап Астананы,
Жатырсың қарауылдап қыр үстінде.
Жүруге жараймыз ба жолыңды ұстап,
Әлі де көріп жатыр елің қыспақ.
Нияздай бір ұл туса көрер едік
Торғайды мекендеген қалың қыпшақ!
Қараусыз қала ма деп қырда қалың
Көңілде нешеме жыл жүрді алаңым.
Рухыңа мінәжат етіп келген
Тілеуліден тараған бір баламын...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу