Өлеңдер ✍️

  10.05.2022
  492


Автор: Жүрсін Ерман

Қарағанды

Туған жерге талантыңды қишы бар,
Өлең арна,
Ән асқақтат,
Күй шығар.
Қарағанды – Қазыбектің шапаны –
Шалғайында Сарыарқаның исі бар.
Күдірейсе шахталардың жотасы
Ауасынан көмір дәмін татасың.
Қарағанды – көре білген кісіге
Тәттімбеттің күйлерінің нотасы.
Алмас қылыш, қында жатып жұқардың,
Келер әлі балдағыңнан тұтар күн.
Алба-жұлба ала бұлттың ішінде
Елесі жүр буырқанған Бұқардың.
Қарағанды – алғы сөзі ғасырдың,
Нүркен болып атағыңды асырдың.
Теміртаудың будақ-будақ түтіні –
Шамырқанған шумақтары Қасымның!
Қажет кезде – патшаға да тақсыңдар,
Қажет кезде – аққа Құдай жақсыңдар.
Қарағанды – замананың бетіне
Былш еткізіп түкіретін С.Ақсұңқар.
Алты алашқа азық болған ақылы
Қарағанды – ол Ақбайдың Жақыбы.
Қарағанды – Қарабастың түрмесі,
Тауқыметтің темір құрсау тақымы!
Кенші қазақ маңдай терін сыдырып
Жатқан жерге келу қиын қыдырып.
Қазағымның қатқан кезде қабағы
Қарағанды – түйілетін жұдырық.
Қарағанды – қасиетті ол Отан,
Қарағанды – ескі тарих, жаңа таң.
Қазағымның ашылғанда қабағы
Қарағанды – аялайтын алақан!
Айтарыңды жасқанбай айт, тіл өткір,
Қарағанды – дүрсілдеген жүрек бұл.
Қарағанды – қара бақан секілді
Қазақстан шаңырағын тіреп тұр.
Көптей көріп, құрметтеген аз ұлын,
Қарағанды – маңдайдағы жазуым.
Қарағанды – қадірімді іздесем –
Қайта айналып тауып келер қазығым!
* * *
Құлдың сөзін құрдым заман іріктер,
Майданға әлі шығарсыңдар мініп кер.
Әзәзілдің әлдиіне арбалып,
Ұйықтап қалған жоқсыңдар ма, ей, жігіттер!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу