Өлеңдер ✍️

  10.05.2022
  153


Автор: Гүлбақыт Қасен

Нағашылар

Нағашылар – қамқор жандар Әкелер,
Асқар таудай қорғаны бір ұлыстың.
Ұл мен қызын бала құстай мәпелер
Қамын ойлар жан-жақтағы туыстың.
Нағашылар – ақ жүректі Аналар,
Жаулығында ұрпағының тілегі.
Ардақты жан «қасиетті» саналар,
Жұмақ кілті табаныңда білемін.
Нағашылар – мейірімді Ағалар,
Тілеуіңді тілеп жүрер алыстан.
Тұяқ тайып кетпесін деп тағалар,
Жаман болсаң өліп кетер намыстан.
Нағашылар – жаны шуақ Әпкелер,
Жақсы ісіңе марқайып бір қалатын.
Гүл ғұмырға жамандықты жат көрер,
Демеу болар, талмасын деп қанатың.
Нағашылар – жарқын жүзді Жеңгелер,
Сырғалым деп сырларыңды сақтайтын.
Көңілі ақ жан әпкеңе тең келер,
Қайындарын «батырым» деп мақтайтын.
Нағашылар – ізгі ойлы Інілер,
Сөздерінен байқалады пейілі.
Бойларына аталы сөз сіңірген,
Дана елдің ізбасары кейінгі.
Нағашылар – жаны кербез Сіңілдер,
Көркіне сай ақылы бар саналы.
Парасат пен кішілігі білінер,
Құрмет тұтар әпке, бауыр, ағаны.
Нағашылар – үш жұртымның біреуі,
Аузын ашса жүректері көрінер.
Нағашылар – Анашымның тіреуі,
Орын алған шаңырақтың төрінен.
Нағашылар – Мырзакелді би елі,
Жаркентімнің төрелері киелі.
Нағашылар – асылдардың сынығы
Адалдықтың, әділдіктің тұнығы!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу