Өлеңдер ✍️

  10.05.2022
  110


Автор: Гүлбақыт Қасен

Сені бір жан

Сені бір жан іздемесе мұңайма,
Түсінемін,
көмек етпес мың айла.
Жұлдыздары жымың қағып тұрғанмен,
Түнгі аспан да зәру болар бір Айға.
Сені бір жан сағынбаса жылама,
Ұғам оны,
жұбата алмас жырлар да.
Шолпан дағы ғайып болар көктегі,
Алтын арай Күн ұядан шығарда.
Сені бір жан сүйе алмаса қайтесің?
Сезем оны,
айта берем әй, несін.
Өкінішті өткен Күнің ұмыт қып,
Жүрегіңді нұрландырар Ай келсін.
*************
Кімге қайран,
Бұл жүрек жаралы ма?
Жас тұрса да жасырам жанарымда.
Мен бәрібір сүйікті бола алмаймын,
Неге сонша ақталам ар алдында?
Тас қараңғы...
жүрегім нұрланбайды,
Қонақтаған төріне мұң мен қайғы.
Сезімсіздер сезімсіз емес, сірә,
Сәл қуансам ұрлайды Күн мен Айды.
Мейірімді
бәрібір нәзік жүрек,
Тұрғанымен мұңайып қазір жүдеп.
Мезгілімен күрең күз, қыс та өтер,
Шыға келер көктем мен жазым гүлдеп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу