Өлеңдер ✍️

  10.05.2022
  115


Автор: Гүлбақыт Қасен

Қанат қағар құсыңмын

Өзгеде жоқ
ерек сезім ұсындың,
Мен жүрекпен қабылдауға қысылдым.
Жанды емдейтін
осы жылы сөздер ғой...
Қуаныштың не екенін түсіндім.
Ырық бермес
ықыласты ұсындың,
Қаламадың басылғанын мысымның.
Жанды ауыртар
осы жалған сезім ғой...
Өкініштің не екенін түсіндім.
Биік арман,
бұлдыр сағым ұсындың,
Қолым жетпей кей сәттері күрсіндім.
Тұрлауы жоқ бес күн мына жалғанда,
Бәрі алдамшы екендігін түсіндім.
Иә, Тағдыр,
маған бәрін ұсындың?
Ақиқаттың анықтайды тұсын кім?
Мың тосқауыл қарсы алдымнан шықса да,
Көкке қарай қанат қағар құсыңмын.
*************
Бірге жүріп өткен жолдар мәңгі есте.
Ізгі сұлу, ғажап сәттер емес пе?
Ұзақ жолдар тілектерді бір еткен,
Сезімдерді жібермесін келмеске.
Ән әуелеп, домбырадан күй ақты,
Гүл жарыпты қызғалдақтар қияқты.
Әдемі етіп аялайды мені әлем,
Сенің ыстық, от құшағың сияқты.
Сол сағыныш жүрегімді тасытты,
Жаным жалғыз.
Саған қарай асықтым.
Осы жолда биік арман, мақсаттар...
Өткен шаққа,
Мен өзіңе ғашықпын!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу