Өлеңдер ✍️

  10.05.2022
  187


Автор: Гүлбақыт Қасен

Алакөл - ақ айдын

Ақ айдынды Алакөлдің айнасын,
Ақ шағала мекен етсін, айналсын.
Күн мен Ай да шуақ нұрын төгеді,
Ғажап өлке әсем гүлдей жайнасын!
Бұл Алакөл – жасыл желек мекені,
Көлі күміс, балығы алтын ертегі.
Ақ жүректі, дархан көңіл елі бар ,
Жолы нұрлы, жарқын болар ертеңі.
Бұл Алакөл – өнерімен танымал,
Сәкен, Зейнеп – сұңғыла жыр, әні бар.
Ер намысты батыр туған мекенде,
Қабанбай мен Қасабайдың қаны бар.
Бұл Алакөл – ұранды ел, туы бар,
Үйгентаста Әнуардай ұлы бар.
Бір Мыңбаев, Шуақовтар ізімен,
Әлі талай марғасқалар туылар.
Бұл Алакөл – сұлу Айдай келбетті,
Бесігінде ақындарды тербетті.
Қастек, Ғұсман, Ахмет жырын жаттаған,
Бойжеткен мен бозбалалар ержетті.
Бұл Алакөл – білім, ғылым ордасы,
Ақылы - алтын, күші - құйған қорғасын.
Бауыржандай жомарты бар Атымтай,
Ұл мен қызын адалдық ар қолдасын.
Жетісудың бір мекені Ақ айдын –
Жыр Алакөл арманысың талайдың.
Толқыныңда бақытты ел тербелсін,
Айбыныңның асқақтауын қалаймын!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу