Өлеңдер ✍️

  10.05.2022
  130


Автор: Гүлбақыт Қасен

Жан сырым

Жолын кесіп өтіп жүрміз атаның,
Қадірін де білмей кеттік батаның.
Көшіміздің басы қайда жол тартты?
Жауап таппай қалың ойға батамын.
Ұлың қайсы, сайлаулы ма ер-тұрман?
Инабатты қызың қайсы құлпырған?
Бұрындары бір ауылды билейтін
Елін қорғап, ер намысты ұл туған.
Қыздарымыз берік еді арына,
Берік еді еліне де жарына.
Ал қазіргі қыздарымыз не үшін
Араша да тұра алмайды жанына?
Бұл айтқаным – жүректегі жан сырым,
Шын ақындар жасырмайды жан сырын.
Ойымдағы әрбір жырды тізгенде,
Ішкендеймін шөлім қанып тау суын.
************
Бұл өмірдің ызғар шашар,
сәуле төгер күні бар.
Бұл өмірдің нағыз ғажап,
үрей тұнған түні бар.
Мәңгі ғұмыр құдіретін сан ғасырға
жеткізетін тынбастан,
Мұхаммедтің үмбетінің
шындық айтар үні бар.
Шын сөз айтсаң, жүрегіңнің
ақ болуын тілер ем.
Адамдар көп ақиқаттың
басымдығын тілеген.
Жалған айтып, дәл жаныңда алшаң басып
жүргендерді көргенде,
Сен шындықтың қымбат нарқын
өз сөзіңнен білер ең.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу