Өлеңдер ✍️

  10.05.2022
  90


Автор: Гүлбақыт Қасен

Өмір жолда із қалар

Балалықтың бақ ұясын бұзбаған,
Көз саламын сол аулаға қызғана.
Маған қарап
қол бұлғайды періштетұлымшағы желбіреген Қыз бала.
Ақ жүзіме сәуле түссе әйнектен,
Ойға батам. Уақыт жылдам, ой, неткен?!
Бақ ішінен
күлімсіреп қарайды,
шолпысына сыр жасырған Бойжеткен.
Сағынышты жіберді ме сағым ғып,
Кестеленген орамалдан хәлімді ұқ.
Сәукелеге
тиіп кетсе саусағым,
шымылдықтан сығалайды Қалыңдық.
Алға басар жігер алып сенімнен,
Ғажап ғұмыр тілемейтін тегіннен.
Ақбоз үйдің
маңайынан аялдап,
ұшырасам ақжаулықты Келінмен.
Тәтті елестер ой санадан өше ме?
Тәубе етемін. Бүгінгіге, кешеге.
Жақсылықпен жолықтырған тағдырым,
бесік тербеп, әлди айтқан Шешеге.
Тосын сыйы шексіз мынау ғаламның,
Өткелдерді артқа тастап барамын.
Өмір жолы - керуен жолда із қалар,
Естелікті жырларымнан табамын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу