Өлеңдер ✍️

  10.05.2022
  106


Автор: Гүлбақыт Қасен

Жігерлендіру

Уайымы шыдатпады жарып, түпте,
Өмірде қалмағандай парық түк те.
Қолында қайраны жоқ жасай қояр,
Әншінің күні ауысты ғаріптікке.
Күндіз-түн сал болғандай дөңбекшіді,
Жігіттің мүшкіл халін ел де естіді.
Жанашыр Мәмет ақын бір күн келіп,
Көңілін ойпыл-тойпыл теңдестірді.
– Әй, Дәнеш, жап-жас басың – шерленесің,
Қашыпты қарап тұрсақ шерден есің.
Несі бар, сөзі болса, әкетелік,
Есті қыз бәтуасыз ез демесін!
Мәметтің үні шықты екпінменен,
Жайыңды естіп сенің жеттім деген.
– Әкетер азар болса қалың малын,
Сұрамас бір қыз үшін көп құн елден.
Тұр қане, атыңа қон, тілдес барып,
Жатқанша жапа шегіп, күнде еске алып.
Тастасақ жалғыз сені құса-мұңға,
Біздің де жайымызды білмес халық.
Осы сөз – дойыр қамшы тілгіледі,
Әйтпесе не боларын кім біледі?
Өмірдің өзі жол сап қойғанымен,
Қай жаққа дәм айдайды кімді, нені?...
* * *
- Мәмет аға... екеуміздің қосылуымызға жол
нұсқады. Біз нартәуекелге баспасақ, қосылмаймыз.
...Сертіміз осы болсын дегендей, қос ерін түйісіп,
бал шырынды жұтқандай балбырап кетті екеуі де...
«Әнші Дәнеш», Тоқбай Исабек.
Серт байласты:
Бір болуға екеуі,
Екеуінде ерік-жігер жетеді.
Асып өтіп Талқы таудың кезеңін,
Басып өтіп Көксаланың өзенін.
Кебенек сай Сарбұлаққа бет түзер,
Көзсіз ерлік Құлжа жаққа жеткізер.
Ең бастысы – бай ауылы сезбесін,
Бағыт – осы. Алла білер өзгесін.
Жүректегі от – көкте жанар жұлдыз ғой...
Нартәуекел. Жүзеге асса күндізгі ой.
...Қыз кешікті. Бәлкім, сезім алдай ма?
Сылқ-сылқ күлген бұлақ суы арбай ма?
Уәделі жер. Ақ жартаста ақ арман,
Жетті Әдиша, шәй көйлегі ағарған.
Ерке қызын ғашығына табыстап,
Ұзай берді қимас жеңге алыстап.
Екі жасты аққайыңдар жасырған,
Қайран дүние!
Кім айласын асырған?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу