Өлеңдер ✍️

  10.05.2022
  126


Автор: Гүлбақыт Қасен

Мен аққумын көлдегі

Салтанат, салдық құрған самала кеш,
Ғашықтық лап еткенде қала ма ес?
Ән-күйге жұрт аңсары ауған шақта –
«Ақ тұйғын...» асқақтатқан бала Дәнеш.
Ақшаңқан ақ үйлерде өнер қызған,
Жүйрік көп. Бозбала жоқ өлең бұзған.
Сайрамкөл – бастау болған сезім жырға,
Бағын да, сорын да ақын көрер – қыздан...
Тастүлек көмей кернеп, өршеленді,
Несіне аяр жұрттан, берсе өнерді?
Әдиша – Ардақ қыздай қиылады,
Тәкәппар көз тастасаң өршең, өңді.
Өңірге аты шыққан керім еді,
Шынында асқан сұлу көрінеді.
Кермиық кербез ару шендестірмей,
Артық сөз айтуға да ерінеді.
Дәнештің үні шықты қалықтаған,
Сезім де қайнап жатты жан ұқпаған.
Әуелеп «Гүл-гүл жайна» ән еседі,
Аударып қызға – сырын, халыққа – мән:
Боламын Дәнеш ақын, танысаңыз,
Табылам қасыңыздан сағынсаңыз.
Ұқсайсың айдын көлдің аққуына
Ақ жүзің алмадайын, Әдиша қыз.
Е-е-ей!
Қыздарда да қыздар бар
Аппақ сары қауындай.
Жігітте де жігіт бар
Тонның ішкі бауындай.
Е-е-ей, гүл-гүл жайна,
Күліп ойна,
Қыз-бозбала шағыңда!..
Қайырды әуелетіп бозбала ақын,
Қазақта ең қастерлі – сөз болатын.
Үні де шарықтады,
шамырқанып,
Қомдады қаршығадай өз қанатын.
Келгенде қызға кезек іркілмеді,
Көмейден сөз төгіліп, бүлкілдеді.
Әдиша «Айғайшаға» салған кезде,
Көрген көз, естір құлақ «шіркін» деді.
Әдиша – атым, қызымын Тұғылбайдың,
Жаман-жәутік жандарға бұрылмаймын.
Келеді әнге келсең, бұлбұл дегім,
Қыран болса, қондырар тұғыр дайын...
Мен аққумын көлдегі,
Сен сұңқарсың шөлдегі.
Арманына жете алмай,
Құрбың әбден шөлдеді.
Дәнеш:
Қып-қызыл түлкідейін сылаңдайсың,
Талдай боп желді күнгі бұраңдайсың.
Қол ұсынсам, жетпейтін арман болдың,
Тілегімді көңіліңмен құп алғайсың.
Әдиша:
Құрбыжан, құпияң көп сырлы екенсің,
Әніңмен көңілімді гүлдетерсің.
Жүрекке тілегіңді ұялаттым,
Өмірде қол ұстасып бірге өтерсің.
Айтыстың Әдиша қыз нәріне енген,
Жасырмай ақтарады бәрін елден.
«Жүректе тілегіңді ұялаттым...»,
Қозғады әңгімені әріменнен.
Амал не, басы бірақ бұғалықта,
Бұғалық үзілмейді, бұл – анық та...
Ел үшін айттырылған бір малайға,
Қалмақтан келіп қайтқан құдалық та.
Кіріптар тұрмыс солай шырықты алған,
Еркіндік еріктен тыс ырықталған.
Салса да сандуғаштай сайран әнін,
Амалсыз құлын-ғұмыр құрықталған.
Айтыстың жауаптасу кәдесі еді,
Қалықтап қос ғашықтың әні еседі.
Бас жібін бос тастады Әдиша қыз,
Әкетер іліп оны Дәнеш еді.
* * *
... Бұл айтыс талай жанды елеңдетті,
Ақындар сауға сұрап өлеңдетті.
Астарсыз ақтарылған айшықты сөз,
Жігіттің сағынышын тереңдетті...
Өткенмен айтыс қызу дүбірлетіп,
Атпады қуаныш таң сібірлетіп.
Әдиша – көкейінде,
Сары уайым,
Жіберді жан-жүрегін іріңдетіп.
Сезімі сарқылмайды сертпен кеген,
Күйеді сағынышқа өрттен денең.
Әдиша түсінде де «кел» деп тұрды,
Санасын, ақыл-ойын дерт меңдеген.
Көлдегі аққу-ару елестеді,
Көкейден өшетұғын емес тегі.
Дәнештің көз алдында сол бір бейне,
Өмірдің басқа жағы көмескі еді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу