Өлеңдер ✍️

  10.05.2022
  120


Автор: Гүлбақыт Қасен

Таудың кені

Арқалатып таудай биік талапты,
Тауда бүгін ерекше бір таң атты...
Қандай ғажап тауда шығып, бататын –
Күн боп сүйсем атырапты, алапты.
Құзарт шыңда қыран қанат қағатын,
Соны көріп жаным рахат табатын.
Армандаймын. Айналуға шақ қалам –
Бұлақтарға таудан құлап ағатын.
Таудың асқар шыңдарындай арманым,
Арманымды Алатауға жалғадым.
Шабыт алып, шағыл құмда бойжеткен
Жырларымды жусаныма арнадым.
Тауда туып өспесем де, биіктен
көрінсем деп, көз тастадым биікке.
Үн қатады зеңгір көктің сұңқары:
– Тауды қалқам, жүрегіңмен сүйіп кел...
Таудың жұпар, қоңыржай бір самалын
жұтсам дедім, таусылғанда амалым.
Түн баласын тебірентіп жүрекпен,
«Тау ішінде» әуеніне саламын...
Тауды көрем...
бабам көрген түсіндей,
Жору қиын, не қуанбай, күрсінбей.
Айдарлының құмдарына жазылған,
кейде жүрем өз жырымды түсінбей...
Таудың кені –
таусылмайтын күш-жігер,
Көкті тіліп намыс-найза құшты жер.
Таудан бәлкім,
жаратылған – мықтылар...
Таудан бәлкім,
жаратылған – күштілер!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу