Өлеңдер ✍️

  10.05.2022
  110


Автор: Гүлбақыт Қасен

Таңғажайып түс. Жұлдыз ғұмыр

І.
Таңғажайып түс пе,
әлде ертегі...
Ханзаданың жансарайы өрт еді.
Үр қызының үрияты өзгеде –
Ой нысана мүлт кетеді,
көздеме!
Дидарында –
дөңгеленген дүние,
Байлық, мұра,
Хан тағына кім ие?
Ғашықтығын сездіретін күш қайда?
Сүйсе егер,
Хордың қызын құшпай ма?
Қолын созса,
ғайып болар мезетте,
Өкінген сәт –
өрт түседі өзекке.
Орындалар ертегіде – аңсар ой,
Аңсар ойлар алақанға тамса ғой...
Хан сарайы –
жансарайы ғашықтың,
- Ей, Үр қызы!
Кімге? Қайда асықтың?!
Ақша бұлттар жасырды ма жүзіңді –
Жасырды ма ынтық жаннан ізіңді?
Періштенің көкте болар тұрағы,
Бұл жалғанның
бітпес сірә, сұрағы.
Шынға айналса,
ертегілер елесі,
Өңге айналған түске еріксіз сенесің...
Таңғажайып түс пе,
әлде ертегі...
Ертегі ой –
мені еріксіз ертеді.
Сүмбіленің жарығын-ай,
Қарағым,
Көзім талмай,
көзімді алмай,
қарадым!
Қарағым...
ІІ.
...Жылап келем –
түсімде жылап келем,
Ұйқаспаған екі жол –
жылатты өлең.
Бір заматта, бұлдыр түс өңге айналса...
Мен ғайыптан, шашбаулы шуақ төгем.
Қашып келем –
бейтарап, қашып келем,
Бәсіремді байқаусыз,
шашып, төгем.
Ұл туамын деймін де, жыр туамын –
Құрсағыма ақ сәуле шашыпты өлең!
Көзелерге құйылып жыр несібем,
Орын тептім ойлы аспан іргесінен.
Құсжолында жолығып,
Алтын пырақ –
Қара түннің қойнына бірге сіңгем.
Нама жазғам, хұснихат –
жұлдызға арнап,
Ақ жанымды қарыды түнгі ызғар бақ.
Арманы жоқ пенделер жұмақта жүр –
Арманы көп адамды жүрміз алдап...
Жұлдыз ғұмыр.
Жарқырап жанғаны бар,
Сөнгені бар.
Бәрі де жанға құмар...
Кім біледі...
Жап-жарық Шолпанның да –
Көк аспанға айтпаған арманы бар...
...жылап келем,
мен неге жылап келем?
Ұйқаспаған екі жол – жылатты өлең...
ІІІ.
Жұлдыз ғұмыр.
Бір-бір тағдыр.
Бір өлең.
Жыр бұрымын күн тарқатып, түн өрем.
Ай арудың
Шолпысы ем, сырғасы ем...
Көзмоншақтар малынады нұрға әсем.
Бір жұлдыз бар,
Бір жұлдызды жандырар.
Тылсым дүние құпиясы жанды ұғар.
Сырдың бағы,
Жаздың таңы – ертегі,
Тану үшін мың түн керек ең кемі...
Жұлдыз ғұмыр.
Бір-бір өмір.
Бір өлең.
Қапияда мың тіріліп, мың өлем.
Қыз жұлдыздың Аспан ба екен төркіні ?
Төркіндесе, бірге кетсем сол күні...
Бірге кетсем,
Мекен етсем,
Зеңгір алып Аспанды,
Жұлдыздарға күнде жасап берер едім
бастаңғы.
Бір жұлдызға ұнап қалсам,
Ұнап қалса ғарыш көк –
...«қайт» дей көрме, айта көрме,
өтінемін «алыс» деп!
Жұлдыз ғұмыр...ғарыш көк...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу