Өлеңдер ✍️

  10.05.2022
  96


Автор: Гүлбақыт Қасен

Сүмбілем

Мен туғанда жарық төккен Сүмбілем,
Екеуміздің тағдырымыз – бір, білем.
Жұлдыз біткен жасай алмас жорамал –
Сен сөнгенде,
Мұңға шомып үлгерем...
Тылсым сырды ұғындырар адамға,
Шаттық емес, ой жетелер қадамға.
Жалғыздықты, оқшаулықты сеземін,
Жете алам ба қадіріңе? Бағамда ...
Қыс бойына сәуле шашар Сүмбілем,
Ақ нұрыңмен түрленеді түн кілем.
Ғылым тілі – Сириус деп атапты,
Тылсымың көп...
Аңсап өтем кімді мен?
Туар жұлдыз, шуақ төгер ғасырға,
Тамыз соңы, қыркүйектің басында –
«Сүмбіленің суы жүріп пе екен?» деп
Сұрайтыны несі жұрттың расында...
Сүмбіленің құйылғанда жаңбыры,
Төгіледі бар аймаққа таң нұры.
Өзен суып, жер көдесі көк болар,
Тіршіліктің ғарышпен бір тағдыры.
Жылт-жылт етсе көк жарықты жарқылың,
Ойға батам әппақ сәулең арқылы.
Өміріме шуақ құйған Сүмбілем –
Тағдырымның тартуы...
* * *
Қаншалықты күлсем бәрі «жақсы» деп,
Соншалықты зілмауыр мұң төгілер.
Ақшамнан соң шырағыңды жақшы кеп,
Түн іргесі сөгілер.
Сәл мұңайсам,
сезім жібі сетінеп,
Мөлдір тамшы тамса үзіліп кетпей ме?
Құрсағымда жыр-шақалақ шетінеп,
үнсіз ғана өтпей ме?
Қайғы емес, қуанышты қалаған,
Ғұмырыма –
Ғашық жанның жыры азық.
...түсімде ылғи топты көрем аламан –
жалғыз қалам құлазып...
* * *
Ең аяулы досым едің, жаны ізгі...
Өзіңе айтпай кімге айтам –
Арызды.
Таулар асқақ. Сен тәкаппар болмашы –
Бұл өмірде кездеспейтін тәрізді...
Жанымызда жүрсе дағы кіл мықты..
Жанымызды кім түсінді?
Кім ұқты?
Дұшпан адам беттен сүйіп, мақтайды,
Дос жылатып айта алады шындықты.
Өзгерді ме – өмір арнаң, күй, таным...
Уың болса, аямашы!
Құй тағы!
Таңдайымда бал тұрса да, мен үшін –
Дәмі тәтті аштықтағы құйқаның.
Дүниенің жалғандығын ескеріп...
Күнелтерміз. Біз аз ғұмыр кешпедік...
Қылаң берер көңілімнің төрінен –
Аяз бидің шапанындай естелік!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу