Өлеңдер ✍️

  10.05.2022
  135


Автор: Гүлбақыт Қасен

Ақ тілек

Жыр арнадым Жетісуға – адал, ақ,
Қадірімді арттыратын бағалап.
Жақсы жандар қанатымды қатайтып,
Тұлпарымды берген еді тағалап.
Кейде өмір тасып жатты төгіліп,
Кейде көңіл – қабырғасы сөгіліп...
Сөзің болып тізіліп ем моншақтай –
Өрістедім Өлең-жыр боп өріліп.
Дархан жүрек – кеңдігіндей даланың,
Асқақтай ма, аспандай ма дара үн?
Нота болып қосылып ем пернеңе –
Күмбірлеген Күй боп шалқып барамын.
Күміс су да көз тартады жарқырап,
Жақсы жерде жайқалмай ма бал-құрақ?
Бұлақ болып қосылып ем арнаңа –
Өзен болып ағып барам арқырап.
Сәтті күнде Күнім күліп, шығар Ай,
Жақсы істерді жүрем естен шығармай.
Шыбық болып қадалып ем шыңыңа –
Тамыр алып биіктедім Шынардай.
Даналықтан көп дүние ұқтым мен -
Гүл әлемге жыр арнадым шық тілмен.
Жота болып жалғасып ем төбеңе –
Талаптанып Таудай болып шықтым мен.
Құрмет тұтам жақсыларды – асылды,
Бар қуаныш...
жанарда жас жасырды...
Тамшы болып тамған аппақ тілектер -
Көл боп шалқып, мерейімді асырды.
* * *
Маған пана – ақ аспан:
Қара түнге жап-жарық Ай жарасқан.
Ай-Арудың нұр көйлегі – лағыл жыр,
Шолпылары – әдемі өлең, таласпан...
Кеудемдегі – ақ жүрек:
Түн түндікке қонақтаған ақ тілек.
Жұлдыздарға тіл бітсе егер ғайыптан,
Өлең оқып берер еді-ау бақ тілеп...
Арман-ойым – ақ сенім:
Жолдарыңды шиырлағам, бақ, сенің.
Ғарыш-көкте тұрмын жіпсіз ілініп,
...Шолпан, неткен жарық едің, жақсы едің?!
Нұрыңды құй, әппақ арман...
Ақ сенім...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу