Өлеңдер ✍️

  10.05.2022
  110


Автор: Гүлбақыт Қасен

Алланың шексіздігі

Іліктірмей сұқкөздің садағына,
Нұрын төккен әр басқан қадамыма.
Жаратқан Аллам менің шексіз Ізгі –
Жанымда жоқ қылау да, ада – күнә.
Иманжүзді пендесін сүйікті еткен,
Сынақ беріп, бақты да үйіп-төккен.
Жаратқан Аллам менің шын Төреші –
Адалдықтың ақ туын биіктеткен.
Асыл аят санамда жаңғырады,
Жүректі емдеп, жабыққан жанды ұғады.
Жаратқан Аллам менің шексіз Ұлы –
Жоқты жасап ғайыптан таң қылады.
Өзгертеді ниет пен пейілімді,
Аллам шексіз пендеге мейірімді.
Өсіреді түсінік, пайымымды,
Аллам шексіз маған да қайырымды.
* * *
О, Жаратқан,
Пенделердің қабыл қылғай тілегін,
«Тәубе» дейтін құлдарыңның бірі едім.
Қасиетті жұма – күннің сұлтаны,
Құран сөзбен нұрланады жүрегім.
Не бітірдім, нені ұқтым, не білдім?
Қадіріне жете алмаспыз тегіннің.
Құран жаттап, жыр жазсам да өзімше,
Мың мінажат, азан үнге егілдім...
Алла үйі – мәңгі тұрақ, баспанам,
Мейірім мен ізгілікке бастаған.
«Ла иллаха иль Аллах» тұр тілімде,
Бұдан өзге болған емес асқақ ән...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу