Өлеңдер ✍️

  10.05.2022
  114


Автор: Гүлбақыт Қасен

Наурыз жыр

Ұлы дүбір.
Ұлы күні Ұлыстың –
Жетісуға нұрын төккен күміс Күн.
Шайқалмасын, бақ-береке бесігі –
Шығыс елі, түркі бауыр, туыстың.
Ұлыс күнгі әсем ән мен жыр ғажап,
Бұлақ ағып, шешек атпау қырға – жат.
Балқығанда Самарқанның көк тасы –
Ұлытауға ұлар қонған бір ғажап.
Жерұйыққа жеткен Наурыз асыға,
Жеті өзенім буырқанып тасыған.
Аралап жүр Қызыр ата құт болып,
Бақ дарытсын үлкенім мен жасыма!
Күн менен түн теңелетін Жыл басы –
Жеті өзеннің кеңи түскен жылғасы.
Салтанаттың сәні, тойдың ажары –
Тұлпарлы ер.
Қыздың шолпы, сырғасы.
Ақбоз үйлер.
Алтыбақан.
Көрікті ел –
Ұлттық болмыс, ұрпағыма көрік бер!
Сәукелелі қыз алдында перизат –
Намыс туын жыққан емес бөрікті ер.
Ағаш егіп, көзін ашқан бұлақтың,
Мың аттыға сәлем берген бір атты.
Құстар сайрап, Наурыз әні қалықтап,
Қыраттарда қызғалдақтар бүр атты.
Әз Наурызда әппақ көңіл, ақ жүрек –
Наурыз көже – ақ дастарқан. Ақ тілек.
Уысыма ақ ірімшік толтырып,
Ұлысыма жыр төгейін бақ тілеп!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу