Өлеңдер ✍️

  09.05.2022
  244


Автор: Сабыр Адай

Менікі байтақ дала, қалың қазақ

Аспаным кең жайып тұр керегесін.
Күн шылап күміспенен кенересін.
Мен қақтым қанатымды көк зеңгірге
Қалдырып көптен неге шегересің!?
Қай бабам кемшін еді өз күнінде?!
(Жібектен асыл боп жүр бөз бүгінде.)
Жалындап жатыр менің жан қазынам
Қазақтың том-том болған сөздігінде.
Ақ маржан, алтын моншақ түр-бедері,
Талшыбық талмау тамыр бүрленеді.
Жем болған гүл жемірге боз жапырақ,
Қауызын қашан ашып түрленеді.
Боз жусан бой көтеріп қына белден,
Бұрымын бұлақ көрдім жылап өрген.
Қаншама жайылған қол жанымда тұр,
Теңдігін қазағының сұрап өлген.
Қоз-қайғы қоламтада залым күшік,
Жатады от пен орап бəрін құшып.
Қорғалап көз жасымды кірпігіммен,
Көрсетпей жылап келем жалын құсып.
Өрті бар өзегімде сан ғасырдың,
Жан бабам жанған оттың жалғасымын.
Жұлдыздар ағып өткен қара түннің,
Қанды жол, қақпанды бел арнасымын.
Аспаннан жұлдыз болып түстім налып,
Қалжырап, қанатымды ұштым қағып.
Қойларда өз тілінде маңырап жүр,
Бұл неткен бір ұмытшақ міскін халық?!
Бір күні,
Бір күн бар ма!?.. Сүрінесің!
(Хан талапай береді кім үлесін.)
Есесін ел-жұртыңның алып беріп
Сен қашан ақ білекті түрінесің!?
Не таптың шыңғырғанда, жаныққанда!?
Мұз жүрек тағдырыңнан талыққанда.
Қарыққанда көзіңнен жас шығады,
Тарыққанда жөн сілтер бағыт барма!?
Алақанмен ақырын тұншықтырып,
Балапан ең ойнады ұршық қылып.
Ала таңмен қол создың жарық күнге
Жанарыңа жатасың бір шық тұнып.
Өз ұлдарың өзіңді жаныштады,
Өгейсінді, жатсынды, алыстады.
Төзім бағын аралап жол қарайсың
Тастап кеткен жан сынды таныстары.
Мойыныңа ілдіріп қара шəлі,
Қара бұлттар күңкілдеп тарасады.
Тұмса туған түйенің ботасындай
Уызыңнан ұл мен қыз адасады.
Жарымаған уызға, бал ішпеген,
Бастан ноқта, ділі жат таныс көген.
Көген-желке көп құлды босатпайды
Құл тектінің барлығы алыс менен.
Көп желкені кемірген көген жегі,
Жетім қозы жел құрсақ көгендегі.
Маңыраса көзінің отын алып,
Қабырғасын қасқаның сөгем деді.
Сол-сол екен сорына көмілді де,
Үндемейді бейшара өмір міне.
Өз дауысын ақыры қалды ұмытып,
Жанарынан жас парлап төгілді де.
Содан бері тілім жат, түрім мендік,
Қандай жаман əркім боп жүгіргендік.
Қорлық-ай бет-бейнеңе айнадағы,
Өзгенің көзіменен үңілгендік.
Өз-өзін өзеурейді кемсінеді,
Сол аспан, болсадағы жер тірегі.
Жалауы бар,
Жаңаша ел десек те,
Жазылмайтын жандағы дертім еді.
Кінəлі кім!?..Кінəлі дəуір дейді.
Кешегіден сəл бүгін тəуір дейді.
Теке мүйіз қалалар, ешкі сақал,
Мекіреніп болған соң шəуілдейді.
Үріп жаққан заман-ай мықтыларға,
Көк сауысқан секемшіл, сұқты қарға.
Аю-ағам үстіме мініп жатыр –
Аш бүйірден Айдаһар ысқырар ма?!
Жер бауырлап жақындап жылыстады,
Деп жүрген кім делбеңдеп тыныш бəрі.
Қол салғалы көп болды,
Жол салғалы –
Жер жүзінің айыр тіл зымыстаны.
Өкпеліктен сығып жүр баяу ғана.
(...Енді бізді қалыпты аяу ғана.)
Күні құрсын əлсіздің жолға шыққан –
Атты менен секілді жаяу бала.
Жапатайым жалпылдап еріп келем,
Жарғақ тонды жастанса беріп келем.
Қойыныңа жылан боп түнейді екен,
Қолдан кетіп қалған соң ерік деген.
Қайда, əлгі, бостандық ерігіміз?!
Бастаңғы жоқ, басылды желігіміз.
Көрінген –
Көкаттыға сəлем еткен:
Түгел жұрт төрт құбыланың келініміз!
Ойнап жүр етегімді ермек қылып,
Кетіп жүр езу тартып кермек күліп.
Қолқама қолын салып суырады –
Жаһанда жалғыз досым «СЕН!» – деп тұрып.
Тіл қайда тілерсегі мың қиылған,
Шыңғырып шырқырайды бір қиырдан.
Қара түн күрсінеді қабырғам боп,
Көзіне ай қонақтап, жыр құйылған.
Естіліп қарындастың қамыққаны,
Өртеніп өлең жаздым жанып тағы.
Барады қуқыл тартып, құнсыз əлем,
Жүзіндей өлген жанның табыттағы.
Оқытып жаназамен, дұғалығын.
Батты, əне, басын ұстап бұла күнім.
Некесін Бақ пен Сордың өзім кестім
Қалдырып болашаққа « Құдалығын!..»
Алыстап бірі жақын, бірі менен,
Заманның жан бүлінді кіріменен.
Ұлтымның ақ бесігін іңгалаған
Анамның тербетіп бер тіліменен.
Анашым, анам қайда, ақ киелім!
Ағытқан аппақ күйдің нақ тиегін.
Сорлы күй содан бері тартылмапты
Маған бер, домбырамның тап, тиегін?!
Анашым, ана-тілім, ақ қаймағым!
Əкеліп қазығыңа бақ байладым.
Тұлпар ем!..Тұсауымды шешпей шауып,
Тігіп жүр тас төбеме жат байрағын!
Тірліктің қазығында қанжыладым,
Ар – құндақ, иман – туыс жалғыз əнім.
Өлейін тұяқ серпіп, жылап шертіп,
Бұрашы домбырамның ал құлағын.
Анашым, ана тілім, ақ мамығым,
Қарады қалт еткеннен жатқа күнің.
Мұнар мен мұңнан қоғам құрып алдық,
Жарасы жанды жеген, сананы мұң.
Тұрама сенсіз дəурен бір күнгіге,
Кесілген кеңірдектен тілмін, міне!
Анашым сені іздеп сергелдең боп
Қазақтың арасында жүрмін, міне!
Адасқан ақ ылақтай енесінен,
Көңілім көп сөгілді көбесінен.
Жетімнің естілеме зар дауысы
Өр Алтай, Шыңғыстаудың төбесінен.
Туыпты ай қоралап, білезіктеп,
Жұлдыздар түннің тілін жүр ежіктеп.
Шым-боздақ түн қолтығын түрткілейді,
Қызығы тарқамаған қыр едік деп.
Жоғалтып қыр қылығын, түн бұрымын,
Сары су сарнатады ұл жілігін.
Жіліктен жігіт азып, біліктен қыз,
Баяндап балбал тастар тұр ғұмырын.
алтын тұғыр, жан-құбыла Темірқазығы.
Айтады арда күнін, ертегісін,
Адамның азынатып өртеп ішін.
Анашым, ана-тілім еміз мені,
Жанымда қатып қалған дерт ерісін.
Ақ жаулық анам берді бар талапты,
Жанымен жанған оттан қалқалапты.
Ойнақтап етегіңнен қайта түлеп,
Шабайын шаң қаптырып шартарапты.
Шұрқырап кісінейін, кекілденіп,
Қаптаған қара желдің өтін керіп.
Менікі байтақ дала, қалың қазақ,
Қашанғы күн кешемін жетімденіп.
Бал тілім, баба тілім, ана-тілім,
Жан сарай, жан ұшқыным, жанашырым.
Сен жыласаң..,
Мен өксіп күн кешермін,
Тілдесермін, қайғыңмен қарашығым!
Шүкірана – тəубашыл, қанағатпын!
Көк жиектен көрінді жағалап күн.
Ай тұяқ-арғымақ түн, жұлдыз төбел,
Төбемнен қайда ауып бара жатсың?!
Түн мен күн ауысады қақпақылдап,
Тіктіріп көлге көрпе, баққа сырмақ.
Ну тоғай, түмен торғай сəншіл көктем,
Əн айтып беріп жатыр Хаққа шырлап.
Бəріде өз тілінде базарымен,
Бақ қонған, Тəңір тілек ажарымен.
Ішінде он сегіз мың ғалам-шайыр:
Жан құрсау, көңіл күрмеу жаралы, – Мен!
Көмейде күміс сыңғыр тіл-бөбешік,
Жатыр сол көмейіңмен кім кеңесіп!?
Барады қара қарын, дөкір маңдай,
Жат пенен жарнақтасып, іргелесіп.
Жел-көмей, жеркүп-қарын, сұм-жырынды,
Ұлт азып сонау жылы ұл бүлінді.
Ісің ірмек, сөзіңнің тұздығы жоқ,
Қу шеке жасырғанмен құлдығыңды.
Жатырмыз мұңнан налып, жырдан қалып.
От-талау ойымыз бар тынған жанып.
Əркімге жалтақ болған ырғал мойын,
Əрнеден шошынады жылмаң қағып.
Жаһанның бедеу бөксе, күйлеп кеші,
Көп жатты көкаттының илеп төсі.
Ит екеш – Итте үрмек өз тілінде,
Біздің Тіл –Дау мен Жаудың сүйретпесі.
Ар өлер алғаулықтан күйіктеніп,
Білместі білдірмекпіз жиып келіп.
Жат келіп мазақ қылып, қазақ құрып,
Мақтайды ару-тілді сүйіп көріп.
Сен қашан сертке тұрып сөз аласың,
Білесің жау ниетін, көз аласын!
Өз ұлдарын оятпақ аңқау Халық!
Өзгелерге мақтатып өз анасын.
Жау жымысқы: «Бауырым!» – деп келгенмен.
(Қайта ұрып талдырар тепкен жерден.)
Құлдың ісін қожайын құптамайды
Аз ғана күн алдайды жек көргеннен.
Құлмыз ба!?..Жілік майы ағармаған!
Бой түзеп тоты құстай таранбаған!
Сұраймыз сүйрегеннен арқан-ақы,
Қадалып қарақойдай табандаған.
Өлседе қорлатпайды қасқыр басын,
Сүйек те итке тиер лақтырғасын.
Пышаққа қой түседі елден бұрын,
Қор тұтып өзін-өзі жатсынғасын.
Бағзыдан бақ пен дəурен қырын кетіп,
Сырлы аяқ сызаттандың сырың кетіп.
Шешіп көр шідерімді,
Ноқтамды алып,
Қосайын көк пен жерді дүбірлетіп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу