Өлеңдер ✍️

  09.05.2022
  133


Автор: Сабыр Адай

Аза жыр - Ақбота боздау

(Адамзаттың асыл перзенті –
Əбіш Кекілбайұлының рухына)
Бота көрдім мен түсімде боздаған,
Қан жүрегі жанған шоқтай қоздаған.
Боздай-боздай айналды да дастанға,
Сол ақ бота сіңіп кетті аспанға.
Құз басынан суық хабар үрледі,
Оянып ем жылап тұр ел, іргелі.
Маңғыстау тұр Ай-Сəулелі , Үр-қабақ,
Ақ жаулығын ботасына бұлғалап.
Бір нар мая исінеді тұлыпқа,
Уыз тамыр Ана болған ұлысқа.
«Ботам қайда ?!..Ботам қайда?!.. Құлын» – деп,
Сол Кейуана қолын жайды «
Ұ-лы-ы-м!» – деп.
Қаратауым көкке көшті сенбек кім?!
Əр жусанға көңіл айтып Мен кеттім.
Жүрегінің тұсын ұстап Түбегім,
Жұбатып тұр үнсіз ғана қыр елін.
Мың жыл бірге толғатсада мың қазақ,
Туылмайтын кетті өмірден бір қазақ!
...Шын ғажап!!!
Жыламаймын!..Дұшпандары жыласын.
«Тастады – деп – адамзатқа мұрасын»
Жаратқанның жаратылған нұрынан,
Өлмейді Ол, – қалғып кетті Ұлы Жан!
Оянады, сəл, тыныстап алғасын,
Ақиқаттың айту үшін жалғасын.
Көмейінде бұлбұлы бар жан еді,
Көңілінде шын мұңы бар жан еді.
Жоқтың бəрін өзі іздеп табатын,
Бар нəрсеге сəби сынды таң еді.
Жүрегіне салып алған əлемді,
Үнсіз қара нар еді.
Көкірегі күміс сандық,
Алтын сыр –
Əбіш деген менің ағам бар еді.
Дана десем өштеседі данаға,
Бала десем қарамайды балаға.
Енді кім деп айтып өтем жалғаннан,
Сені Əбем, Жан Аға!?...
Сөз таппасам өзімді-өзім кешем бе?!
Темірқазық – атар таңы кеш елге.
Хан мен қара бұл сөзіме тоқтар ма,
Парасаттың патшалығы десем бе!?
Қалай айтсам жарасады қалпыңа,
Қазиналы іс тастадың артыңа.
Сен – Қазақсың, Қазақ – Сенің болмысың,
Жалпы – Саған, Сен айналдың – Жалпыға!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу